Бір күнде ашылған бес қылмыс

11 желтоқсан күні Шаған полиция бөлімінің тәртіп сақшылары осы айдың үшінші, жетінші, сегізінші жұлдызында орын алған көлік ұрлығына қатысты фактілерді анықтады.

Алдымен 3 желтоқсанда түнгі сағат 24.00 шамасында Зачаганск ауданындағы Мөңкеұлы көшесінде бір жеңіл көліктің барлық дөңгелегінің ұрланғаны туралы қоңырау түсті. Аз уақыттан соң жедел кезекшіге бір автобустың аккумуляторы ұрланғаны және Мөңкеұлы көшесі бойындағы бір үйдің қасындағы жеңіл көлікті біреулердің ұрлап кеткені жөнінде хабарлады.  Үш күн ішінде қолды болған үш көліктің иелері полицияға көмек сұрап келді.

Тіркелген қылмыстарды ізін суытпай ашу мақсатында Шаған полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Тимур Айтуғанов құрамында екі-екіден тәртіп сақшысы бар төрт «Үкі» түнгі-іздестіру тобын құрып, түнгі 24.00 мен таңғы 7.00 аралығында тексеріс іс-шаралары жүргізілді.

Басшының білгірлігі мен сақшылардың жіті қимылының нәтижесінде қылмыстың біреуі 11 желтоқсан күні дереу ашылды. Қырағы қызметкерлер назарға іліккен көлікті тоқтатып, оның жалған нөмірмен жүргенін анықтайды. Белгілі болғанындай, көлік салонындағы екі жігіттің үш темір тұлпардың ұрлығына қатысы бары анықталған. Олар мәшинелерді ұрлағандарын, өздері тізгіндеп жүрген көлікті такси ретінде пайдаланып жүргендерін мойындаған. Екіншісін Теректі ауданындағы бір ауылда тұратын тумасына сатып үлгерген. Ал үшіншісін Барбастау ауылындағы  қалың тоғай ішіне тығып қойған екен. Автобустың аккумуляторы мен тағы бір көліктің төрт дөңгелегін сатып жіберген.

Осылайша бұрын сотталмаған 1990 жылғы және бұған дейін тонау, бұзақылық әрекеттері үшін істі болған 1992 жылғы — екі азамат ұрлық жасағандарын толықтай мойындады. Көліктер тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Күдіктілер Орал қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 2-бөліміне, 188-баптың 3- бөліміне сай бес эпизодпен қылмыстық іс қозғалды. Шағандық тәртіп сақшылары олардың өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *