«Назарбаевтың басқару моделі» деген термин қолданылуда

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев айтып өтті.

Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстандық облыстық драма театрында өткен мерекелік кеште өңір басшысы Ғ.Есқалиев жиналған жұртшылықты Елбасы күнімен құттықтап, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың егемен еліміздің еңсесін тіктеуіне зор еңбек сіңіргенін айтты.

         – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегін халқымыз әрдайым жоғары бағалайтыны сөзсіз. Заводтар мен фабрикалар жабылып, инфляция мың пайызға дейін өсіп, жұмыссыздық жайлаған 90-шы жылдары ел тізгінін қолға алып, көш бастаған Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегі мен сарабдал саясатының арқасында еліміз аз уақытта даму жолын айқындап алды. Сол жылдарды Нұрсұлтан Әбішұлы «Ең үлкен қиындықты Кеңес Үкіметі құлаған кезде өткердік. Біз өте қиын жағдайға қалдық. Экономикамыз құлдырады, дүкен сөрелері тегістей бос тұрды, халықтың жұмысы мен жалақысы болмады. Бұл – Қазақстан үшін үлкен сынақ. Ал біз сол сынақтан аман өтіп, ел экономикасын көтердік» деп, еске алады. Сонау 1997 жылы Елбасы өңіріміздегі Қарашығанақ кен орнын қайта жаңғырту мақсатында әлемдік ірі компанияларды инвесторлар ретінде тартқан болатын. Ешбір дамыған ел тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген жас мемлекетке қаржы құймайтыны белгілі. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлының беделінің арқасында келісімге қол қойылып, бүгінгі күнге дейін кен орнын игеру жұмыстары тоқтаған емес.

Тұңғыш Президентіміздің осындай еңбегін, сол жылдардағы қиыншылықтарды бүгінгі жас толқын ұмытпай, өздерінің ел экономикасын көтеруге атсалысқан азаматтардың ұрпағы екенін мақтан тұтулары тиіс. Бүгінде дамыған елдермен қатар бой түзеген Қазақстанның даму жолын әлемдік саясаттанушылар ерекше бағалап, «Назарбаевтың басқару моделі» деген терминді қолдана бастады. Қалыптасқан Қазақстанның бірегей даму жолын әлемнің көптеген елдері өздеріне үлгі ретінде қабылдады, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Сонымен қатар әр сала бойынша елімізде қол жеткізілген игі жетістіктерге тоқталып, мұның барлығы тікелей Елбасының еңбегімен байланысты екенін атап өтті.    

        Бұдан әрі мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, Елбасының сүйікті әндері, сондай-ақ патриоттық әуендер орындалды. Көрерменге керемет көңіл күй сыйлаған өнер иелері Айдана Ажғалиева, Асыланбек Қуанәлиев, Медет Оразов,  Марат Сарбөпеев, Жаңылсын Хасанова, сондай-ақ БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі, Қарылғаш Қадірбекованың би студиясы, «Арман» балалар вокалдық тобы ұжымдары кештің шырайын кіргізді. Елі сүйген, елін сүйген Елбасының тұлғасын асқақтатқан кеш шымылдығы «Атамекен» әнімен жабылды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

суреттер «Жайық Пресс» сайтынан алынды

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *