Оралда «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі« атты облыстық имамдар форумы өтті деп хабарлайды БҚО орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Достық үйінің мәжіліс залында өткен рухани шараға ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, өңір имамдары, медресе ұстаздары мен шәкірттері, ақсақалдар қатысты.
Батыс Қазақстан облысының бас имамы Мұратбек қажы Қыстаубаев жүргізген басқосу Орал орталық мешітінің азаншысы Асхат Асылбекұлының қасиетті Құран аятын оқуымен ашылып, Астанадан арнайы келген Нұрбек Әуесханұлының ақ батасымен жалғасты.
Бұдан әрі сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы шараның маңызына тоқталып, форум жұмысына сәтттілік тіледі. Ал ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасы жайында кеңінен түсіндірсе, Жәнібек аудандық мешітінің бас имамы Есенболат Абдуғалиев діни лауазымдар тізілімі және міндеттері жайында айтып өтті. Бәйтерек ауданы, Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатовтың баяндамасы ҚМДБ-ның дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер туралы болды. Ол өзінің ойын ойшылдардың ғибратты әңгімелерімен сабақтады.
Облыстық имамдар форумының Үндеуін Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешіттің бас имамы Мейрамбек Ақылбекұлы оқып берді.
«PULS» ақпарат