Партия нақты істермен айналысады

ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өткен «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының актив жиынында Елбасы ұсынған жаңа бағдарламаның маңызы сараланып, алдағы жүйелі жұмыстар таныстырылды.  

Облыстық мәслихаттың мәжіліс залында өткен жиынға саяси кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары-фракция мүшелері, аумақтық филиал төрағалары мен бірінші орынбасарлары, облыстық филиал жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың мүшелері, партия ардагерлері мен белсенділері, мемлекеттік органдар басшылары, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты.

Алдымен сөз алған облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Ғ.Есқалиев тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен дамуында Елбасының рөлі ерекше екенін атап өтті.

– Қазақстанда 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесі аталып өтілуде. Бұл күн кездейсоқ таңдалып алынбаған. Дәл осы күні, 1991 жылдың 1 желтоқсанында қазақстандықтар таңдау жасап, дауыс беру кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті. Республиканың Тұңғыш Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы — Елбасы халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Өңір басшысы өз сөзінде Елбасы, көшбасшы партия төрағасы Н.Назарбаевтың осы жылдың тамыз айында өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасына тоқталды. Бұл бағдарлама партияның жұмысына ерекше серпін бергенін, соның нәтижесінде өңірлік филиалда да қайта жандандыру жұмыстары басталғанын жеткізді. Облыс әкімінің сөзінше, өңірдегі бірқатар түйткілді мәселелерді шешуді облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» фракциясының депутаттары өз міндеттеріне алған. Сонымен қатар халық қалаулылары тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, жасалған жұмыстар жайында әлеуметтік желілер арқылы ақпарат таратуға көше бастаған. Бастауыш партия ұйымдары да Партияның Саяси кеңесінің шешімдерін түсіндіру бойынша іс-шаралар ұйымдастыруда.

– Күні кеше Партияның аймақтық филиалдарының өкілдерімен кездескен Елбасы «Nur Otan» жарқын істердің жаршысы екенін, еліміздің болашағы үшін жауапты екенін атап айтты. Сонымен қатар қоғамды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтастырудың, Президенттің алдымызға қойған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша атқарылатын шаралардың маңызына тоқталып, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақ елінің табысты дамуына әрбір «нұротандықтың» қосқан үлесі бар екенін жеткізді, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында партиялық жұмыстарды қайта ұйымдастырудағы мәселелер талқыланып, алдағы мақсат-міндеттер нақтыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев Елбасы, Партия төрағасы Н.Назарбаевтың отыз жылдық көшбасшылық белесіндегі еліміздің жетістіктері мен Қазақстанды 2050 жылға дейін дамыту Стратегиясының мақсаттарына назар аударды.Бұдан әрі партияның жұмысын жүйелі жаңғыртуға бағытталған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасына тоқталып:

– Аталған Жаңғыру бағдарламасында Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия жанына белсенді азаматтарды топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру қажеттігін тапсырған болатын. Қазіргі таңда облыстық филиалда тіркелген 29061 партия мүшесі 262 бастауыш партия ұйымдарында есепте тұр. Біз олардың қатарындағы белсенділердің әлеуетін пайдалануға тиіспіз, – деді. Мұрат Рахметұлы партияның Шыңғырлау аудандық филиалында пилоттық жоба ретінде қолға алынған партиялық кадрлық резервіне ядролық электораттың қалыптасуына байланысты жүргізілген жұмыстар мен басқа да атқарылған істерден хабардар етті.

Елбасының тапсырмасына орай жемқорлықпен күресті күшейту бағытында облыстық филиалдағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және партияның  бақылау комиссиясы бойынша қоғамдық кеңестің құрамы жаңартылған. Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында партия бірқатар қажетсіз шараларға, есеп-қисаптарға, жобаларға шектеу қойған. Енді көшбасшы партия нақты жұмыстарға көшіп, басым бағыттарға ғана назар аудармақ. Әсіресе, жастарды қолдауға бағытталған іс-шаралар көптеп жүзеге асырылады деп күтілуде.

Біздің қаламызда «Таза сессия» жобасы аясында екі ЖОО-да сауалнамалар, барлық оқу орны жатақханаларында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, өнерлі жастарды қолдау мақсатында жас ақындар айтысы ұйымдастырылған. Еліміз бойынша «Jas Otan» ЖҚ-ның аймақтық кеңселерінде санаулы коворкинг-орталықтар құрылса, соның бірі – Батыс Қазақстанда жұмыс жасауда. Осындай орайлы істермен таныстырған облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары М.Мұқаев алға қадам басуда әрбір партия мүшесінің қажырлы еңбегі мен күш-жігерінің маңызы зор екенін айтты.

Басқосуда сөз алған облыстық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Сүлеймен облыстағы депутаттық фракция корпусының жыл ішінде атқарған жұмысына тоқталса, «ҚазИИТУ» кешенінің проректоры, «Зияткер» бастауыш партия ұйымының төрайымы Аида Маратова өздерінің білім мен ғылымды дамытуға бағытталған инновациялық жобаларымен таныстырды. Сонымен бірге Тұңғыш Президент күніне орай «Nur Otan» партиясы мүшелерінің қатары толығып, партия қатарына қабылдау рәсімі жасалды.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының актив жиынын түйіндеген облыс басшысы, филиал төрағасы Ғали Есқалиев: – Жергілікті жерлердегі партия органдарының жұмысын күшейту және партияның өңірдегі шоғырландырушы рөлін арттыру қажеттігін атап өтемін. Партияның сайлау алды кезеңіндегі жұмысын күшейтудің маңыздылығы сөзсіз, – дей келе, облыстық партия филиалдарының, сайланбалы органдардың мүшелері мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысын одан жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *