«Атамұра-Наследие»

Оралдағы «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының жүзеге асырған жобасы осылай аталды.   

2020 жыл – елімізде «Еріктілер жылы» деп жарияланғаны белгілі. Ал 2016 жылы қабылданған ҚР-ның «Волонтерлік қызмет туралы» Заңының 6-бабының 7-тармағында мәдени мұраны сақтау саласын қолдауға ерекше назар аударылған. Осыған орай Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау бойынша волонтерлік қызметке жастарды, сондай-ақ қалпына келтіру, сәулет, тарих, өнертану саласы мамандарын тарту мақсатында «Атамұра-Наследие» жобасын («Мәдени мұра» волонтерлар мектебі) жүзеге асырды.

Аталмыш жоба аясында биылғы қараша айында бірқатар іс-шаралар өткізіліп, облысымыздың Ақжайық, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарына экспедициялар ұйымдастырылды. Сапар барысында қорғауға алынбаған ескерткіштер тіркеліп, тізімге алынып, фото-бейне түсірілімдер жасалып, GPS координаттары алынды.

Сонымен қатар елуге жуық тілек білдіруші үшін қалалық экскурсия ұйымдастырылды. Нина Пустовая жүргізген қалаішілік саяхатқа қатысушылар арасында студенттер, мектеп оқушылары, аудан мектептерінің мұғалімдері және басқа да қызығушылық танытқан еріктілер болды.

Осы айдағы келесі шара – мәдени мұраны сақтау бойынша семинар-тренинг. Оған өлкетану, этнография, археология саласының және облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның инспектор мамандары қатысып, практикалық сабақтар өткізді. Әрбір дәріскер өз қызметі туралы айтып өтіп, қатысушылар олардан ХІХ ғасырдың құлпытастарындағы сандарды оқуды, ескерткіштің төлқұжатын толтыруды, археологиялық қазба және этнографиялық зерттеу негіздерін үйренді. Жаңа мағлұматтарға қанық болған еріктілер жобаны ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді.

Шара соңы естелік суретке түсумен және марапаттаумен түйінделді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *