Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Қайсар рухты қаламгер» тақырыбында әдеби шара өтті.
Шара «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Туған ел – туған жер» базалық бағытын жүзеге асыру аясында «Хамзатану» ғылыми- зерттеу орталығының жұмысы бойынша облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
«Хамзатану» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы арқылы қаламгер шығармаларының терең зерттелуіне мүмкіндік жасау, студенттер мен оқушыларға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу дағдыларын арттыруда көмек беру мақсатын көздеген басқосуда алдымен сөз алған тарихшы, өлкетанушы Сайлау Сүлейменов жастарға Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясындағы салт-дәстүр және ұлттық тағамдар, қазақтың дастарханы туралы әңгімелеп берді.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің аға оқытушысы, тарих магистрі Айжан Дәуесова «Ақ Жайық» трилогиясындағы Ә.Әйтиев, Меңдікерей Ипмағамбетов, Иван Белан, Ғұбайдолла Әлібеков сынды тарихи тұлғалар және басқа да зерттеулермен таныстырса, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Азамат Мамыров Хамза Есенжанов пен Қажым Жұмалиевтің өміріне қатысты тың деректерді ортаға салды. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр студенттердің зерттеу ізденістерін, білігі мен дағдысын дамыту, өз идеяларын қорғау бойынша кеңестер айтты. БҚИИТУ студенті Әйгерім Адайбекова жазушының «Ақ Жайық» трилогиясындағы көне сөздер мен жергілікті тілдік ерекшеліктерге тоқталса, БҚМУ-дың «Кітапхана ісі» мамандығының шығармада кездесетін салт-дәстүрлер мен ұлттық тағамдар жайында айтты. Шара барысында Жұбан Молдағалиевтің «Дала дастарханы» өлеңін Айтжан Жексембаев мәнерлеп оқып берді.
Тағылымды кеште «Ұлы тұлға, кемеңгер жазушы» тақырыбындағы электрондық кітап көрмесі көрсетіліп, қонақтар ұлттық тағамдар қойылған дастарханнан дәм татты.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ