Оралдағы Салтанат сарайында өткен «Әйелдер көшбасшылығы: жетістіктер және мүмкіндіктер» атты облыстық іскер әйелдер форумына ішкі істер саласының қыз-келіншектері де қатысты деп мәлімдейді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
«Жайық даусы» облыстық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жиында өз қызметінде үздік жетістікке қол жеткізген нәзік жандар бас қосып, өзара ой бөлісіп, өзара шеберлік алмасты. Форумда алғаш сөз алған облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Ләззат Рысбекова отбасының жүрегі саналатын, қызметі мен жанұя ісін қатар алып жүрген әйелдердің есімдерін мақтанышпен атап өтті. Форумда еңбек ардагері, БҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, «Ажар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Құрманалина, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасы басшысы Жаннат Нұрмағамбетова, облыстық мәслихат депутаты, «Энергоресурсы» ЖШС директоры Дина Галиметдинова мемлекеттік қызметтегі азаматшалардың табысқа жету жолдары, қоғамдағы ананың рөлі, әкенің талаптары мен қамқорлығы, отбасы құндылықтары туралы әңгімеледі.
Сонымен қатар спикерлер ішкі істер органында уақытпен санаспай еңбектеніп, отбасы мен қызметінің талаптарын қатар игеріп жүрген шен таққан қыз-келіншектердің қызметіне зор баға беріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жұмыстарына толағай табыстар тіледі. Облыстық форумда, біраз сұрақтардың күрмеуі шешілді, отбасындағы тәрбие мәселесі кеңінен талқыланды. Қатысушыларға еркін микрофон ұсынылып, олардың сұрақтарына жауап берілді.