Жуырда Теректі ауданында білім беру ұйымдары арасында «Парасатты отбасы» байқауы өтіп, ұлағатты шаңырақ иелері дәріптелді.
Еліміздің Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған шараны БҚО білім басқармасы аудандық кәсіподақ ұйымымен бірлесе ҚР-ның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы аясында білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырды. Басты мақсат – аудандық кәсіподақ педагогтары арасында отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты тұлғаны дамыту. Үш бөлімнен құралған сайыста әр шаңырақ отбасылық шежірелерімен таныстырып, жетістіктерімен бөлісіп, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқау нәтижесінде жүлделі І орынды №1 Подстепный орта мектебінен Алдоңғаровтар отбасы жеңіп алса, жарасымдылықты ту еткен Федоровка қазақ орта мектебінен Қабиевтер жанұясы екінші орынға ие болды. «Қазыналы отбасы» аталымына Подстепный қазақ орта мектебінен Жүсіпқалиевтер әулеті лайық деп танылса, «Өнерлі отбасы» аталымына Ақсуат орта мектебінен Тельмановтар жанұясы қол жеткізді.
Ұлдай СӘРСЕНОВА,
Теректі аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы