Жүлде – БҚАТУ-да

Бүгін қаламыздағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жаңа толқын ­- 2019» фестивалі мәреге жетті.

Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Орал студенттері Альянсы» ұйымдастырған облыстық шығармашылық байқауға өңіріміздің жастары белсене қатысты.

Дәстүрлі шара жоғары оқу орындары арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жас таланттарды анықтау мен студенттер арасында тәжірибе алмасуды көздеді.

Фестивальдің ашылуында сөз алған БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Әділгерей Зұлхаров  шаһарымыздың өнерлі әрі жалынды жастарына сәттілік тіледі.

Он бір аталым бойынша өнерлерін ортаға салған І курс студенттері шығармашылық байқауда өзара мықтыны анықтады. Өнер сайысында қатысушылар ән, хореография, аспапта орындау, көркемсөз жанрларынан бөлек, жайдарман ойыны мен «Үздік фан-клуб», «Үздік бейнеролик» бағамдары бойынша бақ сынады.

Кіл мықтыны анықтаған өнер додасының бұл жылғы жеңімпаздары Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері болды. Ал үздік жанкүйерлерімен көзге түскен М.Өтемісов атындағы БҚМУ жастары екінші орынға лайық деп танылды. Қағытпа қалжыңдарымен көптің көңілінен шыққан Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық университетінің өнерлі жастары үшінші орынды иеленді.

Жылма-жыл ұйымдастырылып келе жатқан бірінші курс студенттері арасындағы «Жаңа толқын» фестивалі биыл да жоғары деңгейде өтті. Ақ Жайық өңірінде өнерлі жастар жетерлік. Ал біздің бүгінгі мақсатымыз сондай талантты жандардың жұлдызын жағу, – деді «Орал студенттері Альянсы» КҚ директоры Муса Кунеев.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *