«Nur Otan» партиясының Құқықтық кеңес мүшелері педагог мәртебесін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерін талқылады деп мәлімдейді BAQ.KZ сайты.
Жетекші партияның басшылары, ұстаздар қауымы мен уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдері қатысқан кеңейтілген отырыста партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тәуелсіздік жылдары Елбасының басшылығымен елімізде 2000-ға жуық жаңа мектеп пен 900 балабақша ашылғанын атап өтті. Апатты жағдайдағы мектептер саны соңғы бес жылда төрт есеге азайса, мұғалімдердің жалақысы 1997 жылдан бері 17 есеге өскен. Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен әрбір қазақстандық отбасыға қатысы бар «Педагог мәртебесі жайлы» заң жобасы әзірленді.
– Қазір білім беру саласында жарты миллионнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Олардың 81%-ы – әйелдер. Тамыз конференциясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мұғалім мәртебесі биік деңгейге көтерілу керек деп атап өтті. Жыл сайын дипломды мамандардың саны артқанымен, педагогтарға деген сұраныс азаймай отыр. Педагог мамандардың 35%-ы басқа салаға кетіп қалады. Білікті мұғалімдерді мектептерге, әсіресе, ауылдық жерлерге тарту механизмі мардымды жұмыс істемей тұр. Бұл шешуге тиісті мәселелердің бір бөлігі ғана, – деді Бауыржан Байбек.
Айтуынша, заң жобасын әзірлеу үшін ғалымдар, мұғалімдер, заңгерлер, депутаттар және білім саласы кәсіподақтарының өкілдерінен құралған жұмыс тобы жасақталған. Жыл бойы елімізде көптеген кездесулер өткізіліп, 8600-ден аса ұсыныс түскен.
Партия мүшелерінің 30% -ы педагогтар, сондықтан «Nur Otan» заң жобасының әзірлену барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Әзірленіп жатқан заң жобасы бойынша таяу 5 жылда жалақыны өсіру, ұстаздық шеберлік пен сынып жетекшілігі үшін үстемақы қосу, еңбек демалысы мен басқа да ынталандыруларды қамтитын 5,2 триллион теңге бөлінеді деп мөлшерленуде. Бұның барлығы Елбасы мен президент саясатының сабақтастығының нәтижесі екенін атап өтті партия төрағасының бірінші орынбасары.
Белгілі болғанындай, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясы депутаттарының және жұмыс тобының заң жобасын талқылау қорытындысы бойынша қосымша ұсыныстар енгізілген. Сондай-ақ, оқу жүктемесін 16 сағатқа төмендету, жер телімдерін бөлу және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» дәрежесіне ие болғандарға бір жолғы 2000 АЕК көлеміндегі төлем
төлеу және президенттік олимпиадалар, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін дайындағандары үшін үш айлық жалақы беру жайлы ұсыныс айтылды.
Еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа заң жобасында педагог құқығын қорғау турасындағы он жаңа ұстаным қарастырылғанын хабарлады. Мұғалімдердің сапалық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі барларға 10 АЕК көлемінде үстеме, балабақшаларда ең алдымен орын бөлу және басқа да әлеуметтік көмектер қарастырылмақ.
BAQ.KZ сайтынан