Алаяқтық – бұл бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену. Қылмыстың бұл түріне баруға бел шешкен тұлға алдап—арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды.
Алдау және сенімге кіру жолымен басқа да қылмыстар жасалуы мүмкін. Соңғы кездері елімізде алаяқтық оқиғалар тым жиілеп барады. Кейде бір тәулікте он адам алаяқтардың құрбаны болады. Әккілердің құрығына алдымен түсетіндердің қатарын зейнеткерлер мен нәзік жандар құрайды. Алаяқтар көбінесе әлеуметтік жағдайды түзеп беруге, жұмысқа орналастырудан бастап мемлекеттік жәрдемақылар тағайындатуға көмектесуге уәде етеді.
Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында Орал қаласы аумағында 2019 жылғы 5-6 қараша аралығында «Anti fraud» жедел профилактикалық іс шарасы өткізілуде.
2019 жылдың 10 айында алаяқтыққа қатысты 683 факті тіркеліп, 361-і ашылды. Ғаламтор арқылы алаяқтыққа қатысты 231 факті тіркеліп, 11-і әшкере болды. Облыс тұрғындарын алаяқтардың арбауына түсуден сақтануға шақырамыз. Олар адамдарға материалдық, моральдық тұрғыдан едәуір залал келтіреді. Сол себепті сақтық шараларын естен шығармаған жөн.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі