Қазақстанда ақбөкендер мен бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымы үшін жаза күшейіп, абақты мерзімі едәуір ұзарады. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген — деп хабарлайды BAQ.KZ
Ерлан Нысанбаев мәлімдемесінде, ақбөкен дериваттары мен бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымын қалыптастырған браконьерлер туралы 339-баптың негізгі ережесі түпкілікті өзгеріп, санкциялар күшейтілгенін айтты. Айыппұлдарды өсіріп, абақтыға қамау мерзімін ұлғайту көзделген. Қазақстанда ақбөкеннің дериваттары мен бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сатқан адамдар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Бұрын бұл қылмысты жасағандар 5 жылға дейін жазаланған болатын.
Браконьерлікті белгілі бір топ өздері немесе өзге топпен келісім бойынша іске асырса және қылмыс ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалса, өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, табиғатқа ірі көлемде зиян келтірсе, жауапкершілік күшейетін жаңа талаптар белгіленген.
«PULS» ақпарат