Тексеру барысында террористік тұрғыда осал деп танылған отыз объектіде заң бұзушылықтар анықталып, оларды жою туралы отыз жазбаша өкім шығарылды деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабының 1-бөліміне сәйкес (террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау және (немесе) тиiсiнше орындамау) 13 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 5 миллионнан астам теңгені құрады, – дейді БҚО ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Хасанғалиев.
Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы лаңкестік тұрғыда осал нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етіп, олардың басшылары мен иелеріне тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Аталған объектілердің терроризмге қарсы қорғау ережелерінің бұзылуын болдырмау мақсатында олардың қауіпсіздік ұйымдарының басшыларымен, иелерімен және өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, террористік қауіп төнген жағдайда тиісті әрекеттері туралы ескерту таратылады.
Осындай түсіндіру жұмыстары Оралдағы кешкі орта мектепте жалғасты. БҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Артем Гусев білім мекемесінің мұғалімдері мен қызметкерлеріне террористік қауіп төнген жағдайда қолданылатын іс-қимыл алгоритмдері туралы түсіндірді.
– Терроризмге ұшыраған объектінің әрбір қызметкері террористік қауіп төнген жағдайда іс-қимыл алгоритмін білуі керек. Мысалы, күдікті зат табылған кезде оған қол тигізуге, оны жылжытуға, кез келген нәрсемен жабуға, жақын жерде ұялы телефонды қолдануға және басқа әрекеттерге қатаң тыйым салынады. Ол үшін тиісті қызметке хабарлаңыз, – деп атап өтті полиция майоры А.Гусев.
Кешкі орта мектеп директоры Рафаиль Насыровтың айтуынша, мұнда 200-ге жуық ата-анасыз қалған жетімдер мен тұрмысы төмен отбасылардың балалары оқиды. Мектепке дін басқармасының қызметкерлері, полиция департаменті, неврологтар, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау қызметі сынды мамандардың келіп, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуі – қалыпты нәрсе. Мектеп басшысы мұндай тақырыптарды үнемі талқылап отырудың маңызы зор деп есептейді.
«PULS» ақпарат