Ардагер спортшыға құрмет көрсетілді

Ағымдағы жылдың 19 – 20 қазан күндері аралығында Бөрлі ауданының спорт саласының дамуына зор үлес қосқан спорт ардагері Айтбай Тастайбековтің 60 жас мерейтойына орай тоғызқұмалақтан турнир өтті.

Ардагерлер мен 2001, 2009 – 2010 жылы туған және одан кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ұйымдастырылған Бөрлі ауданының ашық турниріне Ресей Федерациясының Орынбор қаласы, Ақтөбе, Атырау, Орал қалалары мен өңіріміздің аудандарынан спортшылар қатысты.

Жарыстың ашылу рәсіміне Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Исанов, Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі Н.Газиев, БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Д. Абдикаримов, Бөрлі ауданының тоғызқұмалақтан алғашқы жаттықтырушысы болған КСРО СШ А.Кочергин, ҚР тоғызқұмалақ федерациясының төрешілер алқасының орынбасары Б.Төлегенов,тоғызқұмалақтан КСРО СШ Қ.Ашетов, Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы А.Абдулла және бір топ жаттықтырушылар мен ардагер спортшылар қатысты.

Спорттық шараның салтанатты ашылуында сөз алған Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Амангелдіұлы турнир иесін құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Айтбай Қалмышұлына Бөрлі ауданы әкімдігі атынан алғыс хат және сыйлық табыс етті. Сонымен қатар  РФ Орынбор қаласынан келген турнирдің құрметті қонағы Александр Кочергинге Бөрлі ауданының спортшылары атынан сый ретінде шапан жабылды. Құттықтау сөз сөйлеген БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Даулет Абдикаримов те өз кезегінде Айтбай Қалмышұлына шапан жауып, дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменовтың атынан алғыс хат табыс етті.

Турнир нәтижесінде  «Ең жас спортшы» номинациясына Амина Яхина мен Айару Орынғалиева лайық деп танылды. Ал «Ең үздік ойыншы» аталымын Ернар Мергенбаев пен Ақжан Қанатова жеңіп алды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері, номинация иегерлері, төрешілері Бөрлі аудандық БЖСМ – нің тиісті дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *