Әскери борышты өтеуге қызығушылық неге төмен?

Осы аптаның сәрсенбісінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың қатысуымен өткен жиында осы мәселе кеңінен талқыланды.

Жиынға қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен басқарманың әскери қызметшілері, аудан әкімдіктерінің мен денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері шақырылды. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Б.Азбаев өңірдегі мерзімді әскерге шақыру науқанының жүргізілу барысы көңіл көншітпейтінін айтты. – Мұндай кездесу жылына екі рет өткізіледі. Көктемгі әскерге шақыру мерзімінде бірқатар кемшіліктер кетті. Ендігі мақсат – осы проблемалық жағдайларды шешу, – деді Бағдат Оразалдыұлы. Сонымен қатар аудандық медициналық комиссиядан өтіп келген әскерге шақырылушылардың 50-60 пайызы облыстық деңгейдегі комиссиядан кері қайтарылатынын сынға алып, бұл бағытта жұмыстануды міндеттеді. Әсіресе, тұрғындармен идеологиялық бағыттағы түсінік жұмыстарын көбірек жүргізу тапсырылды.

Бұдан соң баяндама жасаған БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Марат Есенов 2019 жылдың көктемгі наурыз-маусым айларында мерзімді әскерге шақырылу кезеңінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. – Көктем айларында қолданыстағы заңға, Президент Жарлығына және облыс әкімінің қаулысына сәйкес  1992-2001 жылы туған жасөспірімдерді әскер қатарына шақыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте алға қойылған міндет – жоспарлы жұмыстарды орындау, қорғаныс істері саласының өңірдегі барлық мекемелерінде толық медициналық комиссия жасақтау және сапалы жұмыс жүргізу, әскери тәртіп бұзушылыққа жол бермеу, – деді Марат Владимирұлы. Айтуынша, Батыс Қазақстанның қорғаныс істері жөніндегі департаментінің алдына биылғы көктемде ҚР Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдарды 800 жас сарбазбен толықтыру міндеті қойылған екен. Алайда есепті мерзімде 679 батысқазақстандық әскер қатарына жіберілген. Осылайша межелі жоспардың 85 пайызы орындалған. Департамент бастығы Ақжайық, Жаңақала, Қаратөбе, Теректі  аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінің әскерге шақырылу мерзіміндегі жұмыстары жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Бүгінде бұл аудандардың жігіттері Отан алдындағы әскери борыштарын өтеуде.  Ал өзге аудандар мен облыс орталығындағы бөлімдердің жұмысы сынға ілікті. Сонымен қатар әскери медициналық комиссиялардағы дәрігер мамандардың жетіспеушілігі де айтылды.

Алда қыркүйек-желтоқсан айларындаңы күзгі мерзімді әскерге шақыру науқаны тұр. – Осы ретте әдістемелік нұсқаулық беру – біздің міндетіміз. Біз әскер қатарына моральдық-психологиялық, физикалық тұрғыда дені сау, күшті, тұрақты, жас жігіттерді жіберуіміз керек. Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті борышы, – деді полковник М.Есенов.  

Әскери борышынан жалтарғандардың оңай құтылмасы да анық. Оларға заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Бұл бағытта өңірдегі науқандық жұмыстар күшейтіледі деп күтілуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА 

 

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *