95 жасқа толған майдангерді құттықтады

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің басшылығы ҰОС ардагері, ұзақ жылдар ішкі істер саласында жемісті қызмет атқарған Сағызбай Серекешевті мерейтойымен құттықтап қайтты.

Ақсақалды құттықтауға департамент бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов, Жайлыбай Адаев бастаған ардагерлер кеңесі, өңіріміздегі полиция қызметкерлері барды. Олар Сағызбай Есенғалиұлын мерейлі жасымен құттықтап, қарияға  зор денсаулық, қажымас қайрат, ұрпағының қуанышына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуін тіледі.

Мерейлі жасқа толған ақсақал өзін құттықтап келген офицерлерге ризашылығын білдірді. Полиция генерал-майоры Махсудхан Нұғманұлы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангердің өнегелі өмірлік жолы бүгінгі бейбіт өмірде өз қызметтік жолын қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күреске арнаған  жас буынға үлгі болары сөзсіз екенін атап өтті.

Сонымен қатар мерейтой иесіне бағалы сыйлық табыстап, департамент қызметкерлері шағын концерттік бағдарламаларын тарту етті.

Сағызбай Серекешов 1924 жылы 30 шілдеде бұрынғы Гурьев облысы, Мақат ауданы, Сасық-Өзек ауылында дүниеге келген. 1941-42 жылдары Тайпақ ауданындағы Калмыков орта мектебін бітіріп, Кеңес армиясының қатарына отандық борышын өтеуге шақыртылады. Аудан жастарымен бірге әскери байланыс училищесіне оқуға түсіп, жылдың соңында қан майданға аттанып кетеді.

Жаудың Жәнібек ауданына жақындауына байланысты әскер қатарындағы небәрі жасы он жетілердегі сарбазды соғысқа аттандырады. Бірақ белгілі себептермен Шкалов (Орынбор) қаласында бір ай болып, кейін Уфа қаласындағы 23-ші снайперлік атқыштар полкіне курсант болып барады. Көп кешікпей оны І Украин майданының 57-полкінің құрамындағы взвод командирінің  көмекшісі етіп тағайындайды.

1944 жылы Батыс Қазақстан облысындағы НКВД-ға жұмысқа тұрып,  1954-55 жылдары милиция мектебін тәмамдайды. Ішкі істер саласын жетік меңгеріп алғаннан кейін Қаратөбе ауданындағы ішкі істер бөлімінің аға жедел уәкілі қызметін атқарады. 1965 жылы Қаратөбе АІІб бастығы қызметінде болып, ішкі істер саласына көптеп еңбек сіңірген. 1966 жылы құрметті еңбек демалысына шығар алдында Қаратөбе аудандық райсоветі бастығының орынбасары болып жұмыс атқарып, он бір жылдай уақыт ішінде қылмыскерлермен текетірескен милиция қызметкерлерімен бір ұжым болып еңбектенген. Отыз төрт жыл тапжылмай, күш-қайратын ішкі істер саласында қызмет етуге жұмсаған милиция полковнигі 1978 жылы құрметті демалысқа шығады. Еліне еңбегі сіңген майдангер бірнеше медальдармен марапатталған.

БҚО ПД баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *