БАЛА Еңбегін заңсыз пайдаланушылар көп

Орал қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды тобының инспекторлары қала көшелеріне рейдке шықты.

Бұл рейдтік шара жаз маусымында кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, олардың тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатындағы республикалық «Жұмыспен қамту» акциясы аясында ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары жаз мезгілінде жеткіншектердің еңбегін пайдаланушыларды анықтап, олармен түсінік жұмыстарын жүргізді. Яғни, бала еңбегі қанша тұрады, жасөспірімді жұмысқа алушылар заң талаптарын сақтап жүр ме, жасөспірім неше сағат қызмет көрсетеді, жұмыс беруші мен баланың заңды тұлғасы арасында еңбек келісімшарты толтырылған ба деген сауалдарға жауап іздеді.

Рейдке шыққан инспекторлар тобы қала маңындағы Желаев ауылына баратын күре жолға бағыттады. Себебі, осы жолдың бойында қауын-қарбыз сатып, ауыр жүк көліктері үстінде жұмыс жасап жүрген жасөспірімдер көптеп кездеседі. Жол бойы қауын-қарбыз сатушылар мен көлік жуатын орындардан тұнып тұр. Оларға жұмыс жасап жүрген жеткіншектер туысқандарына көмектесіп, қыркүйекте тапқан табыстарына оқу құралдарын сатып алатындарын айтты. Мектеп инспекторлары балалармен сөйлесіп, оларға республикалық акцияның мақсатын түсіндірді. Балаларды жұмысқа қабылдаған кәсіпкерлермен Орал қалалық ПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды топтың аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанова жеке әңгімелесіп, қолданыстағы заңның талаптарын түсіндіріп, еңбек шартын талап етті.

Рейд барысында сақшылар «Ел ырысы» базарында да болды. Негізінен мектеп оқушылары көшеде тәтті сусын мен балмұздақ сатып, көлік жуу орындарында жұмыс жасап, өз нәпақаларын тауып жүр. Оларды арзан жұмыс күшіне айналдырған кәсіп иелері заңды өкілдерімен еңбек келісімшартын жасасуды ескермейді.

Рейдтік тексеріс барысында полиция қызметкерлері бірнеше заңға қайшы деректерді анықтады. Қала аумағында бала еңбегін заңсыз пайдаланушылар көп екендігі белгілі болды. ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес балалар 14 жастан бастап жұмысқа орналаса алады. Бірақ 14-16 жас аралығындағы жеткіншектер – аптасына 24 сағат, 16-18 жас аралығындағылар – аптасына 36 сағат жұмыс жасауы керек.

– Әлбетте, жұмыс берушілер еңбек шартына мән бермейді. Шарт жасамаған кәсіпкерлер туралы мәліметтерді жинақтап, облыстық еңбек инспекциясына жолдаймыз. Еңбек инспекциясы жұмыс берушілерге айыппұл  салады. Акцияның алғашқы үш күнінде бала еңбегін заңсыз пайдаланған 25 дерек анықталды, – деді полиция майоры Мәдина Құспанова.

«Жұмыспен қамту» акциясы барысында полиция органдарының есебінде тұрған және қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмағандарды қала сыртындағы жазғы және мектеп жанындағы лагерьлерге, спорт секцияларына қатыстыру көзделген. Есепте тұрған 42 жасөспірім, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 88 жеткіншек қала сыртындағы жазғы лагерьлерде демалды. Мектеп жанындағы лагерьлерге полиция басқармасында есепке қойылған – 49, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 67 бала тартылды. Спорт секцияларына 74 бала қатыстырылды. Сонымен бірге мектеп инспекторлары сәтсіз жанұяларды аралап, жазғы демалыспен қамтылмай қалған ұл-қыздарды анықтайды. «Мектепке жол» акциясы аясында да тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қайырымдылық көмегі көрсетіледі.

«Жұмыспен қамту» акциясының нәтижелері 1 тамыздан соң белгілі болады.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ПБ-ның баспасөз қызметкері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *