Кітапқұмарлар алаңы

Бүгін Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Book in my life» атты волонтерлер акциясы басталды.

Қала жастарының кітап оқуға қызығушылығын арттыруға бағытталған акцияны ұйымдастыруға «Орал студенттерінің Альянсы» корпоративтік қоры ұйытқы болды.

Ашық алаңға өзіне қажетті кеңес алып, ой түйсем деген қала жастары жиналды. Акция барысында кітапқұмарлар оқыған әр түрлі әдебиеттері жайында ой бөлісті.

Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма» атты кітабын оқу арқылы біраз биікті бағындырған жас кәсіпкер Нұрлыбек Курумбаев:

Осы кітапты оқу арқылы бойыма сенімділік қалыптастырдым. Әрекет жасаған сәтте нәтиже болатынын ұмытпауымыз керек, – деді.

Ал кітап оқуға қажеттіліктен бет бұрған Алина Серғазиева өзінің қызық оқиғасымен бөлісті. Ол бастауыш сыныпта орыс тілінен диктантты үнемі нашар бағаға жазғандықтан, сауатты жазу үшін күн сайын орысша кітап оқуды әдетке айналдырыпты. Әлі күнге кітап оқудан қол үзбеген студент қыз қазіргі таңда адам бойына жігер сыйлайтын мотивациялық кітапты үнемі оқиды екен.

Американдық жазушы Айн Рэндтің «Атлант расправил плечи» атты  кітабын оқып бастаған Нұрдәулет Айсағалиев қазіргі кезеңнің ғасырға жуық уақыт бұрын жарық көрген дүниемен ұқсас тұстары көптігін айтады.

Шара аясында жастарға қаржылық сауаттылық тақырыбы бойынша арнайы маман шақыртылып, семинар-тренинг жүргізілді.

«Орал студенттерінің Альянсы» корпоративтік қорының директоры Мұса Кунеев қаламызда кітапқа құмар жастардың қатарын толықтыру бағытында ұйымдастырылған еріктілер акциясы өз жалғасын табатынын жеткізді.

 

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *