инспекциядағы «ашық есік» күні

Бүгін Батыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясында «Ашық есік күні» шарасы өтті.

Аталмыш шара ҚР ИИДМ Көлік комитетінің арнайы тапсырмасына сәйкес республика бойынша бір мезетте бастау алды. Жиын барысында акцияға ниет білдірушілер жиі мазалайтын сұрақтар бойынша сала мамандарынан кеңес алып, өздерінің шағым, ұсыныстарын жолдады. Ашық есік күніне автомобиль және жолаушылар көлігі тасымалы, су көлігі мен темір жол тасымалы саласының өкілдері қатысты. Акция барысында рұқсаты жоқ жолаушы тасымалдаушы такси қызметіне тосқауыл қою, ауыр жүктерді тасымалдау кезіндегі бекітілген салмақ параметрлерінен аспау, сондай-ақ жолаушы көлігіне байланысты сұрақтар қойылды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша такси қызметі қауымдастығының президенті Олег Эльбергтің рұқсаты жоқ жолаушы тасымалдаушы такси қызметіне тосқауыл қою бағытында рейдтік шараға аталмыш қауымдастық бірге қатысса деген ұсынысына жауап берген облыстық көліктік бақылау инспекциясының автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің басшысы Серік Үбішов: – Автомобиль көлігі туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес аталмыш істі қадағалау енді басталады. Сіздің тарапыңыздан түскен мұндай ұсынысты қолдаймыз. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқарамыз, – деді.

БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Момыш Ермеков жүк көлігіне байланысты қойылған сауалдарға жауап беріп, қазіргі таңда жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде түгелдей бейнебақылау қойылып, жұмыс онлайн режімінде жүзеге асатынын айтты.

– Бекітілген салмақтық, өлшемдік талапқа сай жүк көліктеріне ешқандай тосқауыл қойылмайды. Бүгінгі таңда көлік бақылау инспекторлары бейне-жетон тағып жүреді, бұл қызмет барысында келеңсіз оқиғаларға жол бермеу үшін жасалып отыр. Күнделікті қызмет онлайн түрінде көлік комитеті тарапынан қатаң тексеріледі, – деді.

Акция барысында әр түрлі сұрақтар төңірегінде сөз қозғалып, мамандар тарапынан қанағаттанарлық жауаптар берілді. Алдағы уақытта талқыланған мәселелер оң шешімін табатын болады.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *