Бүгін – Ораза айттың алғашқы күні

Кеше соңғы күн ауыз бекіткен мұсылман қауымы бүгін Рамазан айының үлкен мерекесін атап өтуде. Бұл күні батысқазақстандықтар да Айт намазын жамағатпен бірге оқу үшін мешітке ағылды деп хабарлайды ҚМДБ-ның облысымыздағы баспасөз қызметі.

Әлем мұсылмандары бүгін Ораза айт мейрамының алғашқы күнін тойлауда. Ақ Жайық жамағаты айттың алғашқы күнінде «Орал» орталық мешітіне жиналып, айт намазына қатысты. Айт намазы бүгін қаламызда таңғы сағат 6.30-да оқылды. Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, қаладағы ең үлкен мешітте ине шаншар орын қалмады. Айт намазын ашық аспан астында оқығандар да болды.

Мешітке жиналған жерлестерімізді Ораза айт мерекесімен  құттықтаған ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы Еркебұлан қажы Қарақұлов елдің тыныштығын, халықтың ауызбіршілікте болуын тіледі. Айт намазынан мешіт ақсақалы Ғұмар қажы Құрақов жиналған жамағатқа амандық, елге тыныштық тілеп, дұға жасады.

Айт намазы қала, аудан, ауыл мешіттерінде де бір уақытта оқылып, Жайық жұртшылығы бір-бірін мерекелерімен құттықтап, бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Ораза айт мерекесі еліміз бойынша 5, 6, 7 маусым күндері атап өтіледі.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *