«Музейстар-2019» жобасы жалғасуда

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде бастау алған аталмыш жобаны Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жалғастыруда. Бүгін, яғни 24 мамыр күні музейде осы оқу орнының «Білімді жастар – ел болашағы» атты көрмесі ашылды.

«Музейстар-2019» жобасының мақсаты – жастар жылы аясында өскелең ұрпақтың өлкенің рухани және мәдени мұрасына, білімге, өнерге, тарихқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру, олардың рухани жетілуіне музейдің үлесін қосу.

Білім ордасы көрмесінің ашылу шарасында сөз алған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев: – Бұл жоба облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен биылғы наурыз айында басталды. Басты мақсатымыз – музейге жастарды тарту, өңіріміздегі жеті оқу орны студенттерінің жеткен жетістіктерін көрсету. Жыл соңында қорытындыланатын жобаның нәтижесінде «Музей және жастар» атты ауқымды семинар ұйымдастыру ойда бар, – деді.

Елбасының биылғы жылды жастарға арнағаны белгілі. Соған байланысты іс-шаралар облыстық тарихи-өлкетану музейінде көптеп өткізілуде. Күні кеше республикалық «Рухани қазына» фестивалінен оралған мекеме басшысы өз әсерімен бөлісіп, аталмыш жоба өзге өңірлердегі әріптестерінің қызығушылығын тудырғанын айтты.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Әділгерей Зұлқаровтың айтуынша, облысымызда 132 мыңнан астам жас бар. Олардың дені – университеттер мен колледждердің студенттері.  Осы ретте жастармен тікелей жұмыстанатын басқарма өкілі «Музейстар» шарасының маңызы зор екеніне сенім білдірді. Ал музейдің жобасын жалғаған іргелі оқу ордасының ректоры Раушан Габдуалиева жас буынның тарихты тереңірек танып білуіне  осындай мүмкіндік жасаған тарихи-өлкетану музейінің ұжымына алғысын жеткізді.

– Жастар халқымыздың дәстүрін, тарихын білуі тиіс. Университетімізде 300-ден астам профессор-оқытушылар құрамы қызмет етеді. 13 кафедра, төрт факультет жұмыс жасайды, – деді жеке оқу орындарынан біріккен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ректоры.

Шара барысында БҚИТУ-дың «Ару» би ансамблі, Естөре Рахметуллин, Асылай Кабиева сынды өнерлі студенттері өнер көрсетті.

Шараның ашылу салтанатынан кейін қонақтар Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Білімді жастар – ел болашағы» атты көрмесін тамашалады. Көрмеге оқу орнының тарихына қатысты деректер, фотоматериалдар, мұрағаттық құжаттар, заттай жәдігерлер қойылған. Бұл көрме жұмысы ағымдағы жылдың 21 маусымына дейін жалғасады.

Тағы бір айта кетерлігі, «Музейстар-2019» жобасы аясында осыған дейін облысымыздағы ірі жоғары оқу орындары – М.Өтемісов атындағы БҚМУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың көрмелері көпшілік назарына ұсынылған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА   

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *