Қала көшелерінде рейдтер ұйымдастырылуда

Жыл басынан бері Оралда жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиі орын алды. Есепті кезеңде тоғыз адам жол апатының құрбаны болса, өткен аптаның ішінде велосипед рөліндегі екі азамат көлікке соқтығысып көз жұмды.

Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғалары санын төмендету, көліктегі апаттылықты төмендету мақсатында қаламызда «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шараның алғашқы күнінде, яғни 16 мамырда Орал қалалық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшылары мен жауапты аға инспекторлары, облыстағы «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі жастар бақылауының белсенді өкілдері бірлесіп рейдке шықты. Жол қозғалысын қадағалау іс-шараларынан қалмайтын және жаяу жүргіншінің өміріне бей-жай қарамайтын, көпшіліктен жол жүру ережелерінің қатаң сақталуын талап еткен жастар шараны «Ирс» сауда үйі алдындағы жаяу жүргінші өтпесінен бастады. Одан әрі №1 емхана ауданындағы Еуразия даңғылы бойындағы ақ жол өтпесімен жүріп өтіп, қолдарындағы арнайы жазуы бар плакатқа жүргізушілердің назарын аудартты. Көлік жүргізушілеріне «Жол – тәртіпті талап етеді», «Өзіміз бен жақындарымызды бәледен қорғау – тек біздің қолымызда» деген жазулары бар жадынамаларды үлестірді.

Жыл басынан бері жаяу жүргіншілер тарапынанан 31 жол көлік апаты тіркелді. Салдарынан тоғыз адам ажал құшты. 26 азамат түрлі дене жарақаттарын алды. Жаяу жүргіншінің тікелей қатысымен 10 жол-көлік апаты орын алды. Бес жолаушы жол үстінде көз жұмды. Өткен аптаның өзінде бірнеше жол апаты тіркелді. Велосипед рөліне отырған тұлғалар тарапынан да апаттар орын алатыны жасырын емес. Екі велосипед рөліндегі тұрғын апат салдарынан көз жұмды, – дейді қалалық ПБ ЖПҚб аға инспекторы, полиция майоры Динара Абдулкалыкова.

Бұдан әрі патрульдік полиция баталонының инспекторлары Құрманғазы, М.Мәметова көшесі, Еуразия даңғылы бойымен, «Орталық базар» ауданына дейін арнайы дабылдары бар көліктермен жүріп, жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін сақтап, арнайы өтпелерден өтулерін талап еткен мәтінді дыбыс зорайтқыштармен таратты.

Жаяу жүргіншілерге белгіленбеген аймақты кесіп өтуге болмайды. Ол үшін жақын маңдағы көше қиылысына немесе «Жаяу жүргінші өткелі» деген белгі орнатылған жерге дейін барып арнайы өткелден өтуі керек.

Алдағы 26 мамырға дейін жалғасатын аталмыш шара аясында облыс орталығында бірнеше тексеріс рейдтері ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін сақтаулары тексерілетін болады.

Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *