Көктемгі марафон көңілден шықты

Бүгін Орал қаласында «Отан қорғаушылар күні» және «Жеңіс күні» мерекелеріне арналған көктемгі жартылай марафон өтті. Шараға 1000-нан астам адам қатысты. 

Көктемгі жартылай марафонның басты мақсаты — қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттерден бас тартып, дені сау ұрпақ қалыптастыру. Көпшілік жүгіру шарасында қала тұрғындарынан өзге Атырау қаласының желаяқтары да бой көрсетті. Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

«Мұндай көпшілік шара өткізу арқылы мәдениетімізді қалыптастырамыз. Марафондар қазіргі таңда аудан көлемінде де өткізіліп жүр. Бұл — қуантарлық жайт», — деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Жарысқа қатысушылар шараны таңғы жаттығумен ашты. Шаған өзенінің оң жағалауында өткізілген марафон 5, 10, 21 шақырымдық қашықтықты қамтыды. Сөреден алғашқы боп жарыс жолына 21 км. қашықтыққа жүгірушілер аттанды.

Алғашқы қашықтықты (5 км) еңсерген Мәди Аманғалиев пен Наталья Панова аталмыш жарыс жолының жүйріктері атанды. 10 шақырымдық қашықтықта ерлер арасында Гамзат Шабдан алғашқы боп келсе, Аяулы Сисамариева әйелдер арасында жеңімпаз атанды. Ұзақ қашықтықты еңсерген марафоншылардың алды бір сағат 22 минутта мәреге табан тіреді. 21 шақырымдық қашықтықта Арман Есенғалиев қола медаль иеленсе, Алмаз Миргалиев күміс жүлдегер атанды. Атыраулық Айдын Шалқар алтыннан алқа тағынды. Әйелдер арасында осы қашықтық жеңімпазы Бәйтерек ауданынан келген Ләззат Тулепбергенова болды.

Қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан арнайы диплом мен медальдар, естелік сыйлықтар табысталды.

«Орал қаласына тұңғыш рет келуім. Марафонға қатысуға ниет білдіріп, жеңімпаз атандым. Алда күзгі марафонға қатысу ойда бар», — деді жеңімпаз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Айдын Шалқар.

21 шақырымды артқа тастаған бәйтеректік Ләззат жүгіру марафонына алғаш рет қатысқан. Ол алдағы уақытта өтетін марафондарға міндетті түрде қатысатынын жеткізді.

Шара соңында марафонның бас ұйымдастырушысы, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетов жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, қатысушыларға алғыс білдірді.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ,
автордың суреттері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *