Орал қаласы аумағында 87 көлік айдап кету фактісі тіркелген

Қараша айының соңғы күндерінде Орал қаласы аумағында көлікті айдап кетуге қатысты 2 факті тіркелді. Бірінші көлікті айдап кету фактісі кезінде бейтаныс 2 жігіт «Жұлдыз»  шағынауданында бір көлік иесіне физикалық күш көрсетіп, тапа- тал түсте соққыға жығып, иелігіндегі көлігін тартып алған.

 Бейтаныс екі жігіттен оңбай таяқ жеген азамат Орал қаласының полиция басқармасына хабарласты. Осы жедел мәліметті қабылдаған басқарма басшылары «Тосқауыл» операциясын іске қосты. Жеке құрам іздестіру іс- шарасын дереу қолға алды . Ал Б.есімді және Д. есімді 1999 жылы туған жас жігіттер оңай жолмен олжалаған көліктің руліне отырып, бір күнде Атырау қаласына кетіп қалған. Атырау қаласына апарып, бөлшектеп сатпақ жымысқы ойлары болған. Осылайша әуелі қарақшылық шабуыл жасап, көлік иесін соққыға жығып, жұдырықтың астына алған 2 күдіктіні іздеу барысында тәртіп сақшылары ұстады. Жедел уәкілдер көлікті олардан тәркілеп, басқармаға жеткізді. Күдіктілер жуып- тазалап сатуға дайындаған, бірақ, сатып үлгере алмаған көрінеді. Жыл басынан бері Орал қаласы аумағында 87 көлік айдап кету фактісі тіркеліп, төртеуі ғана ашылмады. Полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарын жалғастырады. 2019 жылдың есепті мерзімінде, яғни 11 айында 63 көлік қуып кету фактісі орын алған болатын. Бүгінгі күні көлікті айдап кетуге қатысы бар үшінші тұлға да ұсталды, ол барлық қылмысты толығымен мойындап отыр.

Деректерге сүйенсек, әсіресе «Ваз», «Пассат» , «Аудио» маркалы көліктер жиі қуылып кетеді екен. Себебі, есіктеріне кілттерді үйлестіріп ашу өте жеңіл әрі ыңғайлы екенін мамандар жасырмайды.

Қолды болған екінші көлік Орал қаласы аумағынан табылды. Бұл күдікті ұсталғанда 8 көлікті айдап кеткенін мойындады. Соңғы көліктің есігіне кілттерді үйлестіріп ашып, айдап кеткен. Көліктің аккумуляторын, жөндеу кілттерін, өзге де жеке мүліктерді ұрлаған. Күдікті айдалып қуылған «Ваз» маркалы көлікті көзден таса орынға тығып қойған екен. Көлік жасырылған мекенжайға барған сақшылар жоғалған көлікті бірден танып, басқармаға жеткізді. Жуырда екі көлік иесіне қайтарылады.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192 бабының 3 тармағымен, 188 баптың 3 тармағымен қылмыстық істер тергелуде. Көлікті тізгіндеп, айдап кеткен күдіктілер Орал қалалық Полиция басқармасының уақыт ұстау изоляторында қамауда отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *