««Инстаграм» танымал қылады деп ойламадым»

Шаршадым, онлайн сабақтан,

Қараумен ноутбукқа таң атқан.

Тілерім мектептегі сабақты,

Бұйырта  гөр, Жаратқан! –  деп инстаграм әлеуметтік желісінде «Карантин бітсін» атты  әнді шырқаған жас өнерпаз Айзат Сағызбайдың өнері көптің көңілінен шықты. Желіде көп қаралым жинаған бейнеүзікке оқырмандар жақсы тілектерін жолдауда. Өзін «Қаратөбенің баласымын» деп таныстырған өнерлі жастың өнеріне біз де тәнті болып, ол жайлы сұрастырғанбыз.

Әлеуметтік желіде балғын өнерпаз елімізге танымал әншілердің әндерін орындап танымал болып үлгеріпті. Сондай-ақ ол  өңірімізге белгілі жас ақындар мен сазгерлер жазған әндерді де жарыққа шығарып жүр екен.

Біздің кейіпкеріміз Айзат Айдосұлы – Қаратөбе ауданы, Үшағаш ауылының тумасы. Қазіргі таңда Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 4-сыныбында оқиды. Үлгерімі де жақсы. Өнерге деген  махаббаты көпшілікті қызықтырған Айзаттың жанұясы өнерден құр алақан емес екен.

Бұл туралы: – Жалпы бізге ән айту екі жұрттан да берілген. Әкеміз Сағызбай Жапақов ауылға танымал жыршы болған. Айзаттың әкесі Айдостың музыкалық білімі бар. Мен де өнерден алыс азамат емеспін. Сонымен қатар, домбыра, гитара сияқты аспаптарда ойнаймын, – дейді бауырының өнерге деген бейімін танып, оны осы жолға баулып жүрген Айзаттың ағасы Мерей Амангелдиев.

Кішкентай жұлдыз аудандық, облыстық «Балдәрен» байқауларында топ жарған. Алдағы уақытта ән сайыстары болса, тартынып қалмайтынын айтады.

Айзаттың жеке орындауында ән қоржынында «Қаратөбе баласымын», «Карантин бітсін» атты әндер бар. Жас әншінің әндерінің  сөзі мен сазын Орынбек Меңдіқұл, Дәурен Шамұратов, Райымбек Өтепов  сынды өнердегі ағалары жазады екен.

–Маған ән айтқан қатты ұнайды. Мектепте, мәдениет үйінде әркез өнер көрсетемін. Қазір әндерімді инстаграмға жүктеп жүрмін. Бұл біраз танымалдық әкелетіні жайлы ойламаппын, – дейді кейіпкеріміз.

Жуырда Айзаттың орындауында «А класындағы қыз» , «Қаратөбенің сұлу қызы» сынды жаңа әндер жарық көрмек.

Ел арасындағы «Қаратөбеге  барсаң, әншімін деме» деген тәмсіл тегін айтылмаса керек. Сал Мұхит, Ғарифолла Құрманғалиев, Ескендір Хасанғалиев сынды тұлғалар туған киелі Қаратөбенің талантты өреніне шығармашылық  өрлеу тілейміз.

Айзаттың өнерін aizat_aidosuly парақшасына өтіп, тамашалай аласыздар.

Сұқбаттасқан Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *