Құтыру ауруынан сақ болыңыздар

Құтыру – зақымданған жануар тістеп алғаннан кейін туындайтын аса қауіпті ауру. Ауру көзі болып жабайы және үй жануарлары болып табылады. Ол жүйке жүйесінің ауыр зақымдалуынан басталып, әдетте өліммен аяқталады.

Орал қаласында 2019 жыл бойынша жануарлардың тістеуінен, тырнауынан зардап шеккен адамдардың  987 жағдайы тіркелді. Соның ішінде  иттердің тістеу, тырнауынан 668 жағдай, мысықтан  295 жағдай  және басқа жануарлардан 24 жағдайы тіркеліп  отыр. Осы тіркелгендер арасында емді толық алмай өз еркімен тоқтатқандар да бар.  Барлық жағдайларда құтыру ауруының алдын алу мақсатында зардап шеккен адамдарға  антирабиялық көмек корсетілді. Алғашқы көмекті балаларға облыстық көпбейінді балалар аурухансында, ересектерге облыстық көпбейінді аурухансында және қалалық көпбейінді аурухансында көрсетіледі.Антирабиялық көмек яғни вакцинация әр зақымданған адамға  құтыру ауруының алдын алу мақсатында жасалады.

Адамдарда инкубациялық кезең 10 күннен 2 айға дейін болады, 1 немесе одан да көп жылға ұзартылған жағдайлар белгілі. Аурудың алғашқы белгілері болып қауып алған жерде бұлшықеттің дірілдеуі, қышуы, ауруы байқалады.Аурудың алғашқы уақытында себепсіз мазасыздық, қорқыныш, сәуле және дыбыс қоздырғыштарына өте жоғары сезімталдық, субфебрильдік дене қызуы байқалады. Ауру күн санап күшейіп, сал ауруы пайда болады. Дем алу және жүрек – қан тамырлары қызметінің тоқтатылған кезінде адам қайтыс болады.

Тек дәрігер ғана құтыру вирусымен зақымдану қаупін анықтап, қажет жағдайда екпе курсын белгілейді.Құтыруға қарсы иммундау үшін антирабиялық вакцина мен иммуноглобуллин қолданылады. Олар зақымданған адамдар уақтылы медициналық көмекке жүгінген жағдайда және екпе алудың барлық  шарттарын орындағанда аурудан қорғауға кепілдік береді. Ешбір жағдайда тағайындалған емнен бас тартуға, өз еркімен оны тоқтатуға болмайды, ол қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін. Егерде белгілі иттен немесе мысықтан жарақат алсаңыз өлтіруге асықпай мал дәрігеріне көрсетіңіз, мал дәрігер 10 күндік бақылауға ұстайды, осы аралықта 3 рет егу тағайындалады. Ал егерде жарақаттаған ит , мысық қашып кетсе немесе өліп қалған жағдайда 5 рет егу тағайындалады.

Сондықтан мінезде өзгерістер байқалған жануарлардан балаларды аулақ, оқшаулап ұстап, дер кезінде мал дәрігерін шақыру керек. Ит, мысық асырайтын болсаңыз, мал дәрігеріне көрсетіп, кеңес алып, құтыру ауруына вакцина ектіріп тұруларыңыз қажет.

Р. Х Бахтиярова,

Орал қалалық Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы        

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *