Оралдықтар Оралбек Қожагелдинді еске алды

Бүгін Оралда Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған дзюдо күресінен ашық республикалық турнирдің ашылу салатанаты өтті.

Биыл Батыс Қазақстан облысының абсолюттік чемпионы, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы, майталман палуан Оралбек Қожагелдиннің өмірден өткеніне – 20 жыл. Осыған орай атақты спортшыны еске алу мақсатымен ашық республикалық турнир ұйымдастырылды.

Спорт додасында өңіріміздің аудандары мен Орал қаласының командасы, Қырғызстан Республикасы  мен Ресей Федерациясының шекаралас облыстарынан 250-ге жуық жас спортшы қатысуда. Дзюдо күресі 2005-2006 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында өтіп жатыр.

Турнирді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев құттықтау сөзімен ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ шараның ашылу салтанатына келген меймандар жылы естеліктерімен бөлісті.

Солардың бірі – Оралбек Қожагелдиннің университте сабақ берген ұстазы, бапкері, Қамеш Исмағұлов.

Ол – жүз жылда бір туатын ер. Өлшеулі өмір сүрсе де жастар үшін сара жол салды. Оның адамгершілігі мен жан-жағына деген жанаршылығы – бойындағы басты қасиеті, «еліме болсын» дейтін оғлан еді. Қанша шәкірт тәрбиелесем де , Оралбектің орны ерекше, шоқтығы биік, – деді шәкіртінің жақсы қасиеттерін бағалайтын бапкері.

Турнирді өткізудегі басты мақсатымыз – Оралбек ағамыздай жастарды тәрбиелеп, оларды жарыққа шығару. Елі үшін туған ерлер көп болсын дейміз. Көпшіліктің тілек-ниетімен өтіп жатқан турнирді ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіремін, – деді турнирдің ұйымдастырушысы, Оралбек Мәтниязұлының шәкірті, дзюдодан спорт шебері Ержан Бақтияров.

«Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиев дзюдодан спорт шебері Ержан Құсайынұлын «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы төсбелгісімен марапаттады.

Шара барысында палуанның ел есінде жасаған үлгі істері мен жеткен жетістіктері жайында бейноролик көрсетілді. Сондай-ақ турнир жеңімпаздарына арналған естелік сый үстеліне Нұрлан Сәдірдің спортшы туралы жазылған «Оралбек батыр» атты естелік кітабы қойылған.

Айта кетейік, Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған республикалық ашық турнир облыстық жоғарғы спорттық шеберлігі мектебінің спорт залында өтуде.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *