Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жоғарылату – жемқорлықтың азаюына себеп болмақ

Бүгін қаламыздағы  облыстық әкімдіктің Нұр-Сұлтан залында облыс әкімі Ғали Есқалиев пен «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтың қатысуымен «Қазіргі кезеңдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелер: мемлекет пен қоғамның өзара әрекеті» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелде еліміздің бірқатар өңіріндегі «Жаңару» қозғалысы филиалдарының өкілдері, БҚО мәслихатының хатшысы, өңірлік сот пен прокуратура өкілдері, саяси партия, үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары бас қосты.

Жиында мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықты оның барлық көріністерінде жоюға бағытталған саясатын қолдау мен елдегі жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық негіздері жайы айтылды .

Аталмыш дөңгелек үстел бұған дейін еліміздің Қостанай өңірі мен Алматы қаласында ұйымдастырылған.

­­­Басқосуда алғаш боп сөз алған Оралбай Әбдікәрімұлы:

Жемқорлық – кеше пайда болған кесел емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев алғашқылардың бірі боп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ТМД елдері арасында сыбайлас жемқорлықпен күресу жөнінде заң қабылдады. Бұл кезең жаңа құрылған мемлекеттерде міндетті түрде болады. Осы бағытта мемлекет пен қоғамның арасында  бірқатар істер жүзеге асырылды, бұған әр түрлі баға беруге болады, – деді.

Жиында Ғали Нәжімеденұлы облыста осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

­ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сыбайлас жемқорлықты жою және жүйелі жұмыс жүргізу» қажеттігін баса айтты. Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы бойынша 116 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Оның 39-ы жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің қатысуымен орын алған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 41 пайызға төмен болғанымен, жақсы көрсеткіш деп бағалауға болмайды. Осы бағытта әлі де ауқымда жұмыстар жүргізу қажет, — деді облыс басшысы.

Сондай-ақ  Ғ.Есқалиев өңірімізде сыбайлас жемқорлықты болдырмау және мемлекеттік қызметтің жоғарғы мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыс жасалып жатқанын айтты.

«Ашық әкімдік» жобасы азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсететін алаңға айналып, тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер арасын жақындатқан. Бүгінде ашық әкімдік Орал қаласының әкімдігі ғимараты мен Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында жұмыс істеп тұр.

Бүгінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері жер, сәулет, қала құрылысы, білім беру мен медицина саласында жиі орын алады екен. Аталған кемшіліктер жою мақсатында бірқатар қызметтер автоматтандырылған.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын, табысты және өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауына сәйкес, 2019 жылы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыруды 80 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар мен 193 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, оның 128-і ( қазіргі уақытта 76% жеткен) электронды түрде беріледі. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 80%-ға жеткізу көзделіп отыр, — деді облыс әкімі Ғ. Нәжімеденұлы.

Сонымен қатар ел Президенті алға қойған міндеттерді іске асыруда тек мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдар ғана емес, азаматтық қоғам институттары ат салысу қажеттігін, осы бағыттағы жұмыс барысында азаматтық сектордың рөлі зор екенін айтты.

Облыс әкімі баяндамасында «Ақжайық ­ — адалдық алаңы» жобасы аясында «Адал ұрпақ клубының құрылғанын және «Болашаққа парасыз.Бірге!» жобасының қарқынды жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. «Ақжайық ­ — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде әр түрлі ұйым өкілдерімен 125 кездесу,35 нұсқама, БАҚ өкілдерінің қатысуымен 500-ден астам түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Сыбайлас жемқорлықты жою үшін өңірде қолға алынған жаңалықтардың бірі — бос жер телімдерін электрондық әдіс арқылы сату. «Цифрлық Қазақстан» бағдаламасы аясында жасалған «zem.kz» порталы арқылы азаматтар мен заңды тұлғалар электронды түрде сайтқа тіркеліп, аукционға қатыса алады. Жыл басынан бері 94 гектар жерді құрайтын 180 кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелеріне жалдау құқығын сату бойынша 32 электронды аукцион өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы таңда жалғасын табады, — деді Ғали Есқалиев.

Жиын барысында төраға О.Әбдікәрімов құқықтық салада жемқорлықпен күрес тұрғысында тиімді жұмыстарға негізделген бірқатар реформалар жүргізілді, алайда олар жеткіліксіз екендігін, Елбасы қабылдаған 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны талқылады.

Аталмыш шарада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Рустам Ақмырзаев, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушысының комитеті төрағасының кеңесшісі Қанат Қадырбеков, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Мағрипа Нигишева, «Nur Otan» БҚОФ төрағасының бірінші орынбасары  Мұрат Мұқаев, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсары Әйтімовтер сөз сөйлеп, жемқорлықты жою мақсатындағы ұсыныстарын жолдады.

Дөңгелек үстелді түйіндеген өңір басшысы алдымен жемқорлық деңгейін азайту үшін мемлекеттік қызметкерлердің жалақасын көтеру қажеттігін ұсынды.  Бұған мемлекет мүмкіндігінің мол екенін де атап өтті. Екіншісі – көптеген мемлекеттік функцияларды жекеге беру. Осы арқылы мемлекеттің үлесін экономикада азайтуымыз қажет, бұған кейбір заңдар мен заңдық актілер мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, соңғысы – колледждер мен мектептерді жеке бизнеске беру. Бұл үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы екі тәсіл арқылы қоғамдағы  сыбайлас жемқорлықты едәуір азайтаймыз деген сенімдемін,– деді Ғали Есқалиев.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *