ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама спортшыларының киім үлгісіне ашық конкурс жариялайды деп хабарлады olympic.kz сайтына сілтеме жасаған BAQ.KZ сайтының тілшісі.
Комитеттің хабарлауынша, басты мақсат – олимпиадашыларды әдемі формамен қамтамасыз етіп қана қоймай, талантты шеберлерді, суретшілер мен дизайнерлерді қолдау, олардың заманауи спорттық киімдер шығаруда жаңа тенденцияларды қолдануына мүмкіндік беру, еліміздегі олимпиадалық қозғалысқа назар аударту.
Конкурсқа өтінімдер 2019 жылдың 14 қазанынан 14 қарашасына дейін қабылданады. Келіп түскен барлық жұмыстар Қазақстан ҰОК ресми сайты мен әлеуметті желідегі парақшаларында жарияланады. Жеңімпазды жанкүйерлер пікірін ескере отырып, арнайы комиссия құрамы анықтайтын болады. Оған Қазақстан ҰОК мен еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, спорт қайраткерлері мен ел намысын қорғап жүрген спортшылар кіреді.
Қазақстан ұлттық құрамасының парадтық және спорттық киім үлгісі бойынша ең жақсы дизайн идеясының авторлары ақшалай сыйлықтарға ие болады деп күтілуде. Конкурс нәтижесі 2019 жылдың 23 қарашасында Olympic.kz сайтында жарияланады.
Еске сала кетсек, XXXII жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Жапония астанасы – Токио қаласында өтеді.
«PULS» ақпарат