Полшада өтетін «Балалар Евровидениесі» байқауында Қазақстанды таныстыратын жерлесіміз Ержан Максим «Арманнан қалма» әнін орындайды. Алматыда өткен арнайы баспасөз мәжілісі кезінде әннің бейнебаяны таныстырылған,-деп хабарлайды BAQ.KZ
«Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина айтуынша, бұл байқауға Қазақстан екінші рет қатысқалы отыр.
Өткен жылы еліміздің атынан Данэля Тулешова қатысқан. Ал биыл Ержан Максим 24 қараша күні Польшада өтетін байқауда бақ сынайды.
Бұған дейін бірнеше халықаралық байқауда бақ сынаған Ержанды ұлттық іріктеу өткізбей-ақ оны ұсыну туралы шешім қабылданған екен.
Баспасөз мәжілісіне келген Ержан Максим «Арманнан қалма» әнінің бейнебаянын енді ғана көріп отырғанын және өзіне ұнағанын айтты.
«Әннің мағынасы – армандаудың маңыздылығы және арманға жету жолындағы қиындықтарға берілмеу қажеттілігі жайында. Өзіме бұл ән келеді деп ойлаймын. Бейнебаянда мен ханшайым болуды аңсаған кішкентай қыздың арманын іске асырушы сиқыршының рөлін сомдаймын. Бұл менің алғашқы бейнебаяным. Барлығыңызға ұнайды деп сенемін. Қазір байқауға дайындық үстіндемін, вокалдық және басқа жағынан да дайындалып жатырмын», — деді Ержан Максим.
Әншінің анасы Гүлмира Әлібек Ержанның түрлі халықаралық жарыстарға қатысқалы ел алдындағы жауапкершілігінің артқанын айтты.
Еске салайық, 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында өтетін ән байқауын «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.