Бүгін «Жеңіс» саябағында «Көше аттары сыр шертеді» жобасы аясында «Қаланың әдеби көшелері» атты шара өтті.
Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған шара өңіріміздің көрнекті жазушысы Хамза Есенжановқа арнап ашылған ескерткіш маңынан бастау алды.
Шараның ашылуына Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Айтқали Нәріков, тарихшы, өлкетанушы, хамзатанушы Сайлау Сүлейменов, кітапхана оқырмандары және студенттер мен оқушылар қатысты.
Өлкемізден шыққан тұлғаларды таныстыру және оны жас буынға насихаттау бағытында өткен шарада сөз алған жерлес ақын Айтқали Нәріков мұның өскелең ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды.
Ал аталмыш кітапхананың ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ақмарал Кульчукова:
Аталмыш акцияны кітапхана ұжымы 2007 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Бұл жоба аясында жерлес ақын-жазушылардың есімі берілген көшелерде әр түрлі шаралар өткіземіз. Басты мақсатымыз – оқырмандарды қала көшелерімен таныстыра отырып, оларды шығармашылыққа, кітап оқуға тарту, өлке тарихын білуге шақыру, – дейді.
Акция аясында туған жерінің тұмса табиғатын, әдеп-ғұрпын тың шығармасына арқау еткен Х.Есенжановтың өшпес мұрасының бірі – «Ақ Жайық» трилогиясынан қаламыздағы №44 мектеп-гимназиясының оқушылары үзінділер оқыды.
Қаламгердің шығармашылығы жайында сөз қозғаған «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің «Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі Сайлау Хамитұлы:
Бүгінгі жиын жас буынға өткенді білдіріп, болашақты болжау үшін жасалып отыр. Еліміздің өткенін танып, тарихымызды білуге міндеттіміз. «Ақ Жайық» трилогиясы – біздің тарихымыздан сыр шертетін тарихи құнды дүние,– деді.
Айта кетейік, 8-10 қазан күндері аралығында өтетін акция Оралдағы Ж.Молдағалиев, Ғ.Қараш , Н.Савичев, Р.Егізбаевтың есімдері берілген көшелерде жалғасын таппақ.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ