Кәріс мәдениетіне арналған күн

Оралда «Достық үйі» ғимаратында қаламыздағы кәріс мәдениеті күніне арналған шара өтті.

Шараға Батыс Қазақстан облысының  ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов, «Кәріс этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Виталий Ан және өзге де этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері қатысты.

Қаламызда  апта сайын этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері өткізіліп келеді. Шара Қазақстанды мекен етіп, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс арасындағы бірлік пен келісімді нығайтуды көздейді.

Мерекеге келген қала тұрғындарының біразының кәріс мәдениетіне қызығушылығының жоғары екенін байқадық. Жиналғандар олардың тілі, салт-дәстүрі, тағамдарымен жақын танысып, сырына үңілді. Әсіресе, көнеден сыр шертетін қолөнер бұйымдары ерекше назарға ілінді.

Қаламызда 2012 жылы корейлер қазақ жеріне депортацияланғанына 75 жыл толуына орай «Қазақ халқына мың алғыс» монументін алғаш боп ашқан. Кеште осы бір маңызды оқиғаны Медхат Мұсаұлы тілге тиек етіп, этнос өкілдерін мерекемен құттықтады.

Концерттік бағдарламада кәріс халқының ұлттық әндері шырқалып, би қойылымдары назарға ұсынылды.  Кеш барысында кәрістердің ерекше атап өтетін басты мейрамдары – баланың бір жасқа толуына арналған «Асянди» мерекесі, үйлену тойы мен «Хвангаб» және «хангаби»  атты 60 жас мерейтойларының маңыздылығы көрермендерге түсіндірілді.

Кеш соңында «Кәріс этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Виталий Ан барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, әр шаңыраққа береке- бірлік тіледі.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *