Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры кезекті жаңа маусымның шымылдығын түрді.
ХХVІІ маусым Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясымен ашылды. Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің рухани көсемі, батыр, рухты ақын Махамбет жайлы өлең жолдарымен жазылған драмалық қойылымның режиссері – ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов.
Театр басшысы Қуаныш Амандықов жаңа маусымның аталмыш қойылыммен ашылуын қаламызда қос батырға арналған ескерткіштің бой көтеруімен байланыстырды.
Сондай-ақ «Махамбет» қойылымы республикалық театрлар арасында өткен фестивальде жүлделі орынға ие болған. 2003 жылдан бері көрерменге әр маусым сайын ұсынылатын туындының театр тарихында алатын орны ерекше.
Ел-жұртының азаттығы үшін қасық қаны қалғанша күрескен ер Махамбет пен оның сенімді серігі Исатай батырдың, хан Жәңгірдің образдарын сахна әртістері асқан шеберлікпен орындады. Тарихи тағылымы мол дүниені тамашалаған көрермен әртістердің өнеріне ыстық ықылыс білдіріп, қол соқты.
– «Махамбет» қойылымындағы Исатай рөлін сомдау көп ізденісті қажет етті. Батыр бабамыз туралы біраз мағлұматтар жинап, зерттеулер жүргіздім. Осы ізденістің арқасында халыққа тарихи образды көрсете алдым, – дейді Исатай рөлін сәтті сомдаған актерлердің бірі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов.
Айта кетейік, театр Қырғызстан Республикасының Ош қаласында өткен VII халықаралық «ART-ORDO – 2019» театр фестиваліне қатысып, ТURKSOY халықаралық мәдениет орталығының арнайы жүлдесін қанжығалаған. Сонымен қатар, «Ел алғысы» дипломы мен Ош қаласы мэрінің арнайы алғыс хатына ие болған. Театр актрисасы Наргиза Шадыева бұл фестивальде «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алған.
Жаңа маусымды жағымды жаңалықпен бастаған театр ұжымы жуырда Жезқазған қаласында өтетін халықаралық фестивальге аттанбақ.
Алдағы уақытта театр ұжымы көрермендерді тың дүниелермен қуантпақ. Қазан айының репертуары «Махамбет» трагедиясымен басталып, Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселім» , Б.Ұзақовтың «Мезгілсіз келген махаббат», Д.Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» туындыларымен жалғасады. Һәм тәрбиенің ошағына айналған киелі орданың жаңа маусымына шығармашылық табыс тілей отыра, шоқтығы биік дүниелер күтеміз!
Гүлзинат ҚИБАТОВА
Рүстем БАҚЫТЖАНОВТЫҢ суреті