Осы аптада қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өмірде өз жолын тауып, балалар үйінен түлеп ұшқан іскер азаматтармен облыстық балалар ауылының тәрбиеленушілері кездесті.
Түлектер кездесуі «Мейірімге толсын әр ізің» деп аталды.
Шараның мақсаты - балалар үйінің тәрбиеленушілеріне үлгі болатын, өз орталарынан шыққан азамат пен азаматшаларды кездестіру, олардың араларында байланыс орнату, балаларға болашаққа деген сенімдерін арттыру.
Алғашқы кездесу М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін қызыл дипломмен аяқтап, «Gaudeamus» халықаралық білім беру холдингінде менеджер болып қызмет атқаратын, облыстық балалар ауылының түлегі Мария Ульчинкова мен Орал педагогикалық колледжін тәмамдап, аталмыш мекемеде онлайн түрде дәріс беретін балалар ауылының түлегі Дина Донсковамен өтті.
Содан соң балалар Батыс Қазақстан жоғарғы медициналық колледжін бітіріп, №5 емханада жұмыс жасайтын Мейрамгүл Кабашова мен «КAZKON» кондитерлік фабрикасында экспедитор боп қызмет атқаратын Жеңіс Қазтуғанов кездесу ұйымдастырды.
Кездесуде түлектер өздерінің қазіргі жағдайлары мен жетістіктері туралы әңгімелеп берді. Көңілден шыққан әсерлі жүздесу тәрбиеленушілердің үлкен өмірге қызығушылығын тудырды.
Осы ортадан қанат қаққан түлектер өздерін тәрбиелеген ана-тәрбиешілеріне алғыстарын білдірді. Ал жырақта жүрген түлектер өздерінің ыстық тілектерін видео сәлемдеме арқылы жолдады.
Гүлзинат ҚИБАТОВА