Бүгін Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Тілім менің – ғасырлардан аманат» атты тіл мерекесіне арналған қазақ-араб тілдерінен медресе шәкірттері арасында шығармашылық сайыс өтті.
Алғаш рет араб тілінде ұйымдастырылған шараға «Орал» медресе-колледжінің ұстаздары мен шәкірттері және Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің «Жастар ісі секторы» мен кітапхана ұжымы бірлесе өткізген сайыстың мақсаты – жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, сөздік қорын молайту, медресе шәкірттерімен шығармашылық байланыс орнату.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің «Жастар ісі секторының» жауапты өкілі Бейімбет Дүйсенәлі өз сөзінде:
– Тіл мерекесіне орай медресе шәкірттері арасында «Араб тілі» күні өтуде. Төл тіліміздегі көп сөздердің араб тілінен келгені белгілі. Қазіргі таңда жат ағымдардың көсемдері көбейе бастады. Араб тіліндегі бір сөздің біздің ана тілімізде көптеген баламасы болуы мүмкін. Олардың біржақты аудармасы жастардың жат ағымға ілесуіне түрткі боп отыр. Сол себепті шәкірттердің араб тіліне деген ізденісін арттыру мақсатында осы шараны ұйымдастырдық, – деді.
Тіл байқауына медресе ұстаздары мен тіл мамандарынан құралған қазылар алқасы баға берді.
Төрт бөлімнен тұратын шығармашылық сайыста медресенің екінші және үшінші курс студенттері өз білімдерін саралады. Байқаудың алғашқы бөлімінде қатысушылар топтарын қазақ және араб тілінде таныстырса, «Менің кейіпкерім» атты екінші бөлімде қазақ әдебиетіндегі үздік кейіпкерлерді әңгімелеп берді. Осы бөлімде «Ұлағат» тобының мүшесі Жандостың көрнекті қаламгер, драматург Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық эссесін әсерлі жеткізуі көрермендердің сол шығарманы оқуға қызығушылығын арттырды.
Студенттер «Тілім барда білмеймін мен қайғыны» атты бөлімде әдеби шығармалардан үзінділерді нақышына келтіре оқыды. Осы тұста қазылар алқасы қатысушылардың дауыс ырғағы мен мәнеріне аса назар аударды.
Төртінші бөлімде діндар шәкірттерге әр түрлі бағыттағы викториналық сұрақтар қойылды. Жауаптан тосылмаған зейінді қатысушылар бұл бөлімде жан-жақты екендіктерін танытты.
Ата-дәстүрімізді дәріптеп, тарих пен әдебиеттен сыр шерткен тіл жарысы «Орал» медресе-колледжінің студенті Азамат Сайфиддиновке ерекше ұнаған. Ол осы бағыттағы байқаулар алдағы уақытта ұйымдастырылса деген тілегін жеткізді.
Араб тіліне арналған шығармашылық байқау нәтижесінде жүлделі бірінші орынға «Ұлағат» тобы лайық деп танылса, екінші орынды «Ғибраттық» шәкірттер иеленді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан әдеби және қасиетті Құран Кәрім кітаптары табысталды.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ