Бүгін қаламызда тоғызқұмалақтан жиырма жасқа дейінгі жастар арасында Батыс Қазақстан облысының командалық чемпионаты басталды.
Облыстық чемпионатқа Жаңақала, Шыңғырлау, Қаратөбе, Бөрлі аудандары мен қалалық командалардан құралған алпыстан астам спортшы қатысып жатыр.
Ұлттық ойынымызды дамыту және кеңінен тарату мақсатында ұйымдастырылған жарыс қатысушылардың зияткерлік қабілеттері мен спорттық іскерлік деңгейін арттыруды көздейді.
Жарыстың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғарғы жетістіктер спорт бөлімінің басшысы – Асылбек Өтешов, БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры –Дәулет Әбдікаримов және жарыстың бас төрешісі Қайрат Шәутенов қатысты.
ҚР ұлттық дәрежедегі төрешісі, Жаңақала ауданының тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы, чемпионаттың бас төрешесі Қайрат Шаутенов: Бүгінгі чемпионатқа барлығы 10 команда қатысуда. Ұлттық спорт түрі біздің облысымызда қарқынды дамвп келеді. Мұның дәлелі, бүгінгі жарысқа өңірімден шыққан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлерінің қатысуы болып отыр, – деді.
Айта кетейік, 2020 жылдың маусым айының 10-18 күндері аралығында қаламызда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты өткізу жоспарлануда. Бұл чемпионат қаламызда 2016 жылы өткен болатын.
Жарысқа қатысушы «Санжар» интеллектуалды спорт мектебінің тәрбиеленушісі Бекнұр Серіктің тоғызқұмалақ ойнағанына бір жылдан астам уақыт өткен. Ол осы ойын арқылы ойлау қабілетінің дами түсіп, есеп шығаруда ұшқырлық танытатынын айтты.
Еске сала кетейік, чемпионат екі күнге жалғасады. Тоғызқұмалақшылардың жарысы Мұз спорты сарайының екінші қабатында өтуде.
Гүлзинат ҚИБАТОВА