Оқушыларға жол ережелері түсіндірілді

Қыркүйек айында облыс көлемінде «Назар аударыңыз: балалар!» атты жедел алдын алу іс-шарасы жоғары деңгейде өткізілуде.

Аталмыш іш-шара аясында жуырда  Оралдағы №23 орта мектепте Орал қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметі мен облыстық «Гауһар жолы» қоғамдық бірлестігі «Жолда жүру тәртібін мен осылай сақтаймын!» атты сазды шара өткізді. Оған бастауыш сынып оқушылары мен ата-аналар, мұғалімдер қатысты. Жол жүру қауіпсіздігін өзекті тақырып етіп алған шара ерекше форматта ұйымдастырылып, кішкентайлар сүйіп көретін мультфильмдер мен ертегілердің кейіпкерлері қонаққа келді. Олар балаларға жол белгілерін көрсетіп, танымдық қабілеттерін тексерді. Викториналық сұрақтар қойып, жол жүру қауіпсіздігіне қатысты сауаттылықтарын анықтады. Ұтымды жауап берген оқушыларға түрлі сыйлықтар үлестірілді. Ұйымдастырушыларға ата-аналар алғыстарын жаудырды.

– Біздер күн сайын жолда мұқият болу, жаяу жүргіншілер өтпесінен өту, жолдың кез келген тұсынан кесіп өтпеу, жол үстінде жүгірмеу туралы ақылымызды айтып отырамыз. Олар оның бірін тыңдаса, біріне мән бермейді. Бүгінгі шара ерекше болды, бала түгілі өзіміздің қызығушылығымыз оянып, ойын түрлеріне араласып отырдық, – деді №23 орта мектептің директоры Гүлсім Сатыбаева.

Оқушылардың жол қауіпсіздігі ережелерін  сақтауын, жол үстінде жол белгілеріне мән берулерін талап ету мақсатындағы көпшілік шаралар облыс аумағында жалғасын табады.

Гүламан ИСМАГУЛОВА,

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметкері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *