Оралда «Қала күні» мерекесі тойланды

Қала тұрғындары биыл да шаһар мерекесін кең көлемде тойлады. Қорытынды гала-концерт П.Атоян атындағы стадионда өтті. «Әсем өлкем – Ақ Жайық» атауымен өткен  кеш оралдықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кеш өңіріміздің талантты әншісі Еркін Өтегеновтің «Ақжайық –әнім» әнімен бастау алды. Мың бұрала билеп, әр қойылымның сәнін келтірген  «Салтанат», «Назерке», «Step up» би ансамбльдері алаңның көркін ашты. Әсем әннен кейін қала тұрғындары назарына «Жеті қазына» композициясы ұсынылды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев барша оралдықтар мен қала қонақтарын шаһар мерекесімен құттықтап, жылы лебізін жеткізіп, қала дамуындағы оң өзгерістерге тоқталды.

Орал – өз сара жолын тауып, тарихын тереңге жайған қала. Шаһарымызда мәдениет пен әдебиет, өркениет пен өнер қатар қанат жайып өрлеуде. Орал қаласында жылдан-жылға құрылыс дамып жатыр. Әр жыл сайын жаңа 5-6 мың тұрғын баспаналы болады. Бүгін қала мерекесіне орай Исатай мен Махамбет бабаларымызға арналған ескерткіш бой көтерді. Бұл – жастарды рух пен патриоттыққа тәрбиелейтін орынға айналары хақ. Оралдық тұрғындар мен қала қонақтарын көне шаһарымыздың мересімен құттықтаймын және отбасыларыңызға бақыт пен денсаулық тілеймін. Жасыл қаламызды өркендетуге әрқайсымыз үлес қосайық, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Стадион толы халықты өңіріміздің танымал өнерпаздары мен  Нұржан Керменбаев, Кәмшат Жолдыбаева, «Alar» тобы, Нұрсұлтан Нұрбердиев сынды Қазақстан Республикасының эстрада жұлдыздары мерекемен құттықтап, әсем әннен тарту жасады. Концерт «Туған қалам – Орал» әнімен түйінделіп, қала халқы көңілді күймен тарқасты.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Суреттер 07.live каналынан алынды

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *