Батыс Қазақстан облысының прокурорлары әкімшілік айыппұлдардың орындалуына тексеріспен 280 млн. теңгенің атқарушылық құжаттары бойынша мемлекеттік және жеке сот орындаушылармен жіберілген заң бұзушылықтарды анықтады деп хабарлайды облыс прокуратурасы.
Өндірісті дер кезінде қозғамаудың 2968 фактісі, банкрот болған кәсіпорынға қатысты 21 құжатты қысқартпау, табыстан өндіру туралы 848 қаулыны бақыламау, шет елге шығуға тыйым салмаудың 29 және құжаттарды заңсыз қайтарудың 129 фактісі анықталған.
Ақпараттық жүйелердің көмегімен прокурорлар 6 мың борышкердің табысы мен еңбекақысын, мүлкін, банктік шоттары мен дебиторлық берешектерін тапқан.
Мысалы, 2018 жылғы қыркүйектен бері жеке сот орындаушыда «К» ЖШС-де жұмыс жасайтын Ж. есімді борышкерден 5 мың теңге айыппұлды өндіру туралы құжат болған. Ал төленбеген 72 мың теңге айыппұлы болса да, борышкер Х. соңғы жеті айда 10 рет Қазақстанның шекарасынан шыққан.
Басқа сот орындаушы жарты жыл бойы 5 мың теңге айыппұлды өндірмеген, ал әділет органдарының ақпараттық жүйесіне сәйкес борышкер М. жеке кәсіпкер болып тіркелген және тұрақты түрде салық төлеп тұрады.
Келесі жағдайда «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 58-бабына қайшы әрекет жасап, сот орындаушысы тоғыз ай бойы борышкер «Б» ЖШС-нің банктегі 1,4 млн. теңгесі бар шотына инкассалық өкім қоймаған. Прокуратураның нұсқауымен 113 мың. теңге айыппұл толық өндірілген.
Прокурорлармен рейд кезінде «Автоураган» жүйесімен айыппұлдары дер кезінде төленген автокөліктерді негізсіз тоқтатудың 20 фактісі анықталған. Сот орындаушылар adilet.gov.kz ресми сайтынан құжатты орындаған борышкерлер туралы мәліметтерді, автокөліктерге салынған тыйымдарды уақтылы алмаған.
Тексеріс нәтижесінде 23 сот орындаушысы мен Әділет департаментінің 2 басқарма басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қадағалау актілерімен 48 млн. теңгенің 2,3 мың құжаты орындалған.
Қазіргі уақытта сот орындаушылары полициямен бірлесіп қолданыстағы заңнамамен көзделген тәртіпте заң бұзушылықтарды жою және айыппұлдарды өндіру жұмыстарын жүргізуге кіріскен.
«PULS» ақпарат