Орал қаласында «Қала күні-2019» мерекесі аясындағы іс-шаралар басталып кетті. Соның аясында бүгін ҚР Тұңғыш Президенті алаңында «Ақжайық» этноауылы ашылды.
Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін аталмыш алаңда оралдықтар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлайтын ұлттық-мәдени кешен халқымыздың тарихы мен әдет-ғұрпынан, ұлттық құндылықтарынан сыр шертетін көріністер мекеніне айналады деп күтілуде.
Этноауылдағы ақ шаңқан киіз үйлер, күмбірлеген күй мен кешенді сәнге бөлеген жәрмеңкелер, ұлттық ойындар алаңы, ұлттық асхана орталығы, көне жәдігерлер қойылған көрме – мұның барлығы келушілердің патриоттық сезімін оятып, көңілдерін көтерері сөзсіз.
Сонымен қатар тұрғындар кешенде түрлі шеберлік сағаттарына қатыса алады.
«Ақжайық» кешенінің шығармашылық алаңында әр күні облыс аудандары мен Орал қаласы шығармашылық ұжымдарының және шеберлерінің қатысуымен өтетін мерекелік бағдарламаларды тамашалай аласыз.
«PULS» ақпарат