Зейнетақы қорындағы ақшаны берген кезде, адамның жасы мен жинаған сомасы ескеріледі. Бұл туралы бүгін үкімет отырысынан кейін вице-премьер Бердібек Сапарбаев айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Президент тапсырма берді. Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізуде. Зейнетақы қорындағы ақшаны берген кезде, адамның жасы мен жинаған сомасына қараймыз. Бірінші кезекте тұрғын үй, білім беру және медициналық қызметтерді сатып алуға қаражаттың жұмсалуын қарастырамыз» деді Бердібек Сапарбаев.
Вице-премьер бұл мәселе мұқият зерделеуді талап ететінін, соның негізінде нақты ұсыныстар әзірленетінін айтты.
«Біз қарауымыз керек, бұл зейнетақы қорындағы жинақталған қаражатқа байланысты. Бұл жерде азаматтардың өмір бойына зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін және тұтастай зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын бұзбау үшін нақты шешім қажет» деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында үкіметке жыл соңына дейін зейнетақы қорына жинаған қаражаттың бір бөлігін мақсатты түрде пайдаға жаратуын қарастыруды тапсырған еді.
«Қазір жұмыс істейтін адам зейнеткерлікке шықпайынша, қорға жиған ақшасын пайдалана алмайды. Бірақ адамдардың зейнетке шықпай тұрып жаратқысы келетіні түсінікті. Сондықтан үкіметке жыл соңына дейін зейнетақы қорына жинаған қаражатының бір бөлігін мақсатты түрде пайдаға жаратуын қарастыруды тапсырамын», — деген болатын Қазақстан Президенті.
«BAQ.KZ» сайтынан