Сақшылар ерекше балаларды сауықтыру ісіне атсалысуда

 

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап батысқазақстандық тәртіп сақшылары ерекше балаларға иппотерапия сеанстарын ұйымдастыра бастады деп хабарлайды БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Атпен серуендеу арқылы жасалатын емнің бұл түрінен бүгінде талай жан дертіне дауа тапқан. Облыста даун синдромы, аутизм диагнозы қойылған балалар иппотерапиядан ем алуда.  Сырқат балалар аттармен  серуендеп, халықтық медицинаның мүмкіндіктерін көруде.

Иппотерапиялық емдеу әдісі тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде ұсынылады. Бүгінгі күні аталған ем бойынша 15 бала апта сайынғы сабақтарға қатысады, олардың арасында тірек-қимыл және басқа да аурулары бар балалар да тегін сеанстан өтуге мүмкіндік алған.

Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының күндізгі тәрбиешісі Назира Кушимова: «Біріншіден, бала жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, көңілі көтеріледі. Екіншіден, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімділігі артады. Ал дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты. Олардың арасында экскурсия мен басқа да ойын-сауық түрлеріне барғысы келмейтіндер бар, бірақ полиция қызметіне қуана-қуана барады. Ешкім ешқашан иппотерапиядан бас тартқан емес» – дейді.

Осындай иппотерапиялық емге барып жүрген балалардың бірінің анасы департамент басшылығына келіп, алғысын жеткізген.

Қала тұрғыны, екі баланың анасы Әлия Бекжанованың қызы Гаухар сал ауруына шалдыққан. Осы кезге дейін ата-анасы қызы үшін қолынан келген барлық жағдайды жасап келеді. Оның зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығына барып жүргеніне бір айдан астам уақыт болған. Осы уақыт ішінде иппотерапиялық ем қабылдап келеді және нәтижесі де жоқ емес. Ол БҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимовтың қабылдауында болып, ыстық ықыласын білдіріп, облысымыздың бас полицейіне алғыс хатын табыстады.

Айта кету керек, 2017 жылы БҚО Полиция департаменті жанынан кавалериялық взвод іске кіріскен болатын. Басты мақсат – қала аумағы, саяжай учаскелері, орман алқаптарында орын алған қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл қызметте атқа икемі бар, жылқы малын жанындай жақсы көретін, оның құлағында ойнайтын  25-ке жуық жігіт жұмыс істейді. Іріктелген жігіттердің барлығы да – ПД жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатарынан.

Иппотерапия емін жүргізетін сақшылар бұл ізгі іске жауапкершілікпен қарайды. Олар үнемі атқа мінгісі келген балақайларға асығып тұрады. Себебі, балалардың денсаулығы – барлығы­нан маңызды.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *