Биыл – елімізде Жастар жылы. Мемлекет тарапынан түрлі қолдауға ие болып жүрген жастар осы жылы «Zhas project» жобасы арқылы өздерінің сүйікті істерімен айналысуға мүмкіндік алды.
Қайтарымсыз қаржы беріледі
«Zhas project» – жастар корпусын әлеуметтік дамытуға бағытталған жоба. Алдымен бұл жоба туралы жастар қозғалысының белсендісі, «Zhas project» жастар әлеуметтік жобасының менеджері Әділет Берікқалиевтен сұрап білдік. 2017-2020 жылдар аралығында ел аумағында жүзеге асырылатын жобаға 3000-ға жуық қазақстандық қатысыпты. Жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігі Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесе дайындаған.
– Аталмыш жобаға 14-29 жас аралығындағы мектеп оқушыларынан басқа жастар қатыса алады. Жоба жұмыссыз, білімі жоқ, табысы төмен адамдарға арналған. Біздің облыс жастары 217 жобамен грант иегері атанса, соның 50-ге жуығы Орал қаласында жүзеге асырылуда. Әр жобаны ұсынған топта 3-5 адам болады, олардың әрбіріне алты ай бойы 40 мың (білімі болмаса) немесе 60 мың (білімі болса) теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Ал жобаны, яғни ойға алған істерін жүзеге асыруға 1 млн. теңгеге дейінгі қайтарымсыз қаражат беріледі. Есесіне жобаға қатысушылар әлеуметтік санаттағы топтарға тегін қызмет көрсетуі керек. Өңіріміздегі жоба жеңімпаздары кондитерлік цех, наубайхана, тігін шеберханасы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы сынды кәсіптерді қолға алып, өз істерімен айналысуда, – деді Әділет Ғадылбекұлы.
Аппараттық массаж қызметі
Жастарды қолдауға бағытталған жобада жеңімпаз атанған Асылжан Исмагулова, Қазына Серікқалиева, Гүлхан Ибрагимова, Гүлнәз Жұмагелдина – төртеуі бүгінде Орал қаласында Аппараттық массаж салонын ашып, өз істерін бастап кеткен. Төрт бойжеткен «Zhas project» жобасына қатысып, қайтарымсыз 1 миллион теңгені ұтып алыпты. Топтың көшбасшысы Асылжан Исмагулованың айтуынша, қыздар қызметтің осы түрін бірлесе таңдаған.
– Жобаға қатысуға құжаттарымызды тапсырып, биылғы 15 сәуір мен 20 мамыр аралығында іріктеуден өттік. Нәтижесі маусым айында шықты. Біз таңдаған жобаның атауы «Аппараттық массаж» деп аталды. Осылайша миллион теңгені құрайтын қайтарымсыз грант иегерлерінің бірі атандық, – дейді Асылжан.
Әрине, грант берушілер қомақты қаржыға ие болған жоба қатысушыларына бизнес жоспар құру бағытын үйрету мақсатында оқыту семинар-тренингін ұйымдастырған. Себебі қаржыны тиімді жұмсап, көздеген жоспарларын жүзеге асыру үшін жастарға жол көрсету қажет-ақ. Оған қоса олардың аяқ алыстарын, жұмыс барыстарын қадағалайтын менторлар да бекітілген.
Оқыту семинар-тренингінен өткен кейіпкерлеріміз гранттың бастапқы елу пайыз қаржысына «Аппараттық массаж» жобаларын жүзеге асыруға керекті құрал-жабдықты іздестіруге кіріскен. Сөйтіп «Body health» деген аяққа және дене күтіміне арналған жапондық жабдықты сатып алған.
Әңгімеге араласқан Қазына мен Гүлхан аталған аппараттың пайдасы туралы айтып берді. – Бұл аяқ-қолға, денедегі нүктелерге массаж жасайды. Варикоз, остеохондроз, целуллит ауруларына, салмақты реттеуге көмектеседі, шаршағанды басады. Аппаратты ұсынған компания біздерді оқытып, оны қалай қолдануды үйретті. Нұсқаулығын берді, қандай да бір сұрақтар туындаса хабарласуға кеңес берді. Массажға арналған жабдықты балаларға 5 жастан бастап қолдануға болады, – дейді қыздар. Өздері ортақ шешіммен қалаған істерімен айналысып жүрген бойжеткендер бір бөлмені жалға алып, сол жерде халықтың осал топтары үшін тиімді жобаларын жүзеге асыруда.
Жобаның шарты бойынша біздің кейіпкерлеріміз бастапқы алты айда зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға тегін қызмет көрсетеді. Бұл ретте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аталған санаттағы отбасылар туралы мәліметтермен көмектескен. Жаңа дәуірдің жастарына ақпараттық заманда хабар тарату да қиынға соқпасы анық. Оларға адамдар әлеуметтік желілер арқылы жарияланған хабарландыру бойынша да хабарласып жатады.
Енді гранттың қалған елу пайыз қаражатына қыздар барлық дене мүшесіне пайдалы тағы бір жабдық сатып алуды жоспарлауда.
– Командамен жұмыс жасаған өте тиімді. Келушілерге де ұнап, алғыстарын айтып кетеді. Көбінесе көпбалалы аналар келеді. Аналардың алғысына бөленудеміз. Сол кезде осы жобаны таңдағанымызға қуанамыз. Бүгінде әйел адамдардың барлығының бірдей фитнес клубтарға баруға жағдайы келмейтіні белгілі. Әлеуметтік санаттағы тұрғындарға тегін қызмет көрсетуге осы жылдың желтоқсанына дейін уақытымыз бар. Ал межелі уақыт тәмамдалған соң осы ісімізді одан әрі дамытып, табысқа жету жолдарын қарастырамыз, – дейді топ көшбасшысы А.Исмагулова.
«Zhas project» жастар корпусын әлеуметтік дамыту жобасына қатысушылар үшін алты айдан соң тағы да оқыту семинары ұйымдастырылады. Алайда бұл жолы кәсіпке қадам жасаған жастар жобаның нәтижелерімен, жеткен жетістіктерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасады екен.
Еңбектенуге, ізденіске, кәсіппен шұғылдануға жетелейтін жобаны ұтымды пайдалана білген бойжеткендердің көмегі сізге де қажет болса, 8-707-570-73-20 телефоны арқылы толық ақпарат алуыңызға болады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА