Батыс Қазақстан облысындағы ҚМДБ-на қарасты «Орал» медресесіне 2019-2020 оқу жылына студенттер қабылдау емтиханы өтті.
Медресеге оқуға түсуге биыл барлығы 24 талапкер өтініш беріп, құжаттарын тапсырған. Олардың 20-сы – Батыс Қазақстаннан, үшеуі – Атырау, біреуі – Ақтөбе облысынан.
Емтиханды ҚМДБ-ның діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, облыстық орталық мешітінің бас имамы, «Орал» медресесінің директоры Мұратбек қажы Қыстаубаев, медресе директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Бахрам Рахманов, рухани орталықтың ұстаздары Мақсат Боранбек пен Асылбек Наурызов қабылдады.
Алдымен діни білім ордасының басшысы Мұратбек Мұхтарханұлы сөз алып, Астана қаласынан келген ҚМДБ-ның өкілі Бейбіт Мырзагелдиевті таныстырып, сөз тізгінін ұсынды.
Бейбіт Әліпбекұлы: – Ақ Жайық өңірінде абыройлы қызмет етіп жүрген Орал орталық мешітінің ұстазы Ринад Акимов, Тәжиден Батырұлы атындағы мешіттің бас имамы Мейрамбек Әбдірахманов, наиб имам Наурыз Убаев – «Астана» медресесінің түлектері. Имандылық жолында үлкен жетістіктерге жеткен, шәкірттерге білім беріп жүрген, жамағат алдында сыйлы шәкірттермен біз де мақтанамыз. Сіздер де осындай имам, азамат болуларыңызға тілекшімін, – деп, жүрекжарды тілегін білдірді.
Емтихан барысында үміткерлер Қазақстан тарихы, қазақ тілі пәндерінен тест тапсырып, арнайы пәндерден әңгімелесуден өтті. Сынақ нәтижесі бойынша жиырма төрт үміткер де медресеге оқуға қабылданды.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі