Бүгін Орал қаласында педагогикалық колледждердің жаңа стратегиясы бойынша алғашқы жоба өз жұмысын бастады. Жобаның таныстырылымына облыс әкімі Ғали Есқалиев пен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова қатысты.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясындағы жаңа жоба екікүндік семинармен басталды. Назарбаев зияткерлік мектептері мен Ж.Досмұхамедов атындағы Орал жоғары педагогикалық колледжінің бірлескен жобасының мақсаты – болашақ педагогтардың кәсіби деңгейін көтеру. «Бастауыш білім» мамандығы бойынша экспериментальды білім бағдарламасын енгізу аталмыш оқу орнындағы оқу үдерісін ұйымдастыруға және білім мазмұнын модернизациялауға бағытталған.
Алдымен облыс әкімі Ғ.Есқалиев STEM-білім және оқушылардың зерттеу дағдыларын дамыту кабинетіндегі жаңа технологияға сай жабдықтармен танысты. Бұдан әрі семинардың ашылу рәсімінде сөз алған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы: – Бүгінде еліміздің білім беру саласы әлемдік кеңістіктегі өз орнын айқындады. Елімізде жаңартылған білім беруге сай инновациялық процестер жүргізілуде. Республикалық Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы техникалық және кәсіптік білім беруді еңбек нарығына сәйкес модернизациялау туралы атап айтты. Колледждерді материалдық-техникалық жағынан дамытып қана қоймай, ресурстарды үнемдеу, білім мазмұнын жаңарту, дуалды оқыту қажеттігін тапсырды. Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту жүйесін білім бағдарламаларына енгізу Елбасы Жолдауында да міндеттелген болатын, – дей келе, өңір мектептерін мамандармен қамтамасыз етуде Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің орны ерекше екенін атап өтті. Облыс әкімі жаңа жоба білім саласындағы тың өзгерістер мен оң нәтижелерге бағыттарына сенім білдірді.
Мұғалімнің біліктілігі бәрінен маңызды екенін айтқан «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Ноғатайқызы БҚО әкімдігімен арадағы әріптестік жемісті істерге бастағанын жеткізді. – Облыс әкімдігінің Оралдағы педагогикалық колледжде эксперименттік жобаны бастау туралы ұсынысы қызығушылық туғызды. Осы жоба аясында кешенді оқыту бағдарламаларын дайындадық. Студенттердің зерттеу дағдыларын дамытатын оқу кабинетін жобалаған «Kazdidac» компаниясына алғысымыз шексіз. Ал «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының арқасында бастауыш мектеп мұғалімдерінің кітапханасы ағылшын тілінен аударылған қазақтілді кітаптармен толығады, – деді К.Шәмшидинова.
Өз кезегінде Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры Светлана Бахишева бастауыш білім беру мамандығы бойынша білім мазмұнын жаңартуға қолдау білдірген облыс әкімдігі мен НЗМ ұжымына алғысын білдірді.
Бұл күні педагогикалық колледж үшін жағымды жаңалықтар молынан болды. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «BilimLand» электронды оқыту платформасын колледжге бір жылға ашып беріп, мұғалімдерге арналған тегін тренингтер өткізуге уәде берді. Сонымен қатар жаңа жобаға орай қысқа уақытта тәржімаланған, әлі сиясы кеуіп үлгермеген бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған «Бастауыш мектеп мұғалімі: ұстанымдары мен қағидалары» және «Бастауыш мектеп мұғаліміне 100 идея» атты қос оқулық жинағын оқу орнының басшысына тарту етті.
Шара барысында Лондон университеттік колледжінің профессоры Питер Мехисто «Білім берудегі жаһандық трендтер: тиімді білім берудің негізгі драйверлері» тақырыбында баяндаса, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру бағдарламалары орталығының директоры Ж.Әбілдина экспериментальды білім беру бағдарламасымен және оқытушыларды қолдауға арналған жүйелі әдістемелік кешенмен таныстырды. Ал «Kazdidac» қауымдастығының басқарма төрағасы В.Лебедев оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға арналған жабдықтар туралы айтып өтті.
Ертең де жалғасатын семинар барысында оқытушылар сондай-ақ Авейрус университетінің (Португалия) өкілі, халықаралық сарапшы Джоана де Бритоның бастауыш мектепте сабақ берудің заманауи әдістері туралы дәрісін тыңдайтын болады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
(Айым СҮЛЕЙМЕНОВАНЫҢ суреті)