Шаһар басшысы тазалық шарасына шақырды

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қала тұрғындарын осы жылдың 24 тамызы, яғни алдағы сенбіде республикалық «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтетін сенбілік жұмыстарына белсене қатысуға шақырды.  

«Құрметті Орал қаласының тұрғындары! «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, қаламыздың тазалығы ең бірінші өзімізден басталады. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілуінің деңгейі, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші.

Сүйікті Орал шаһары – Қазақстанның жасыл, экологиялық таза қаласы мәртебесіне ие қалалардың бірі. Қала аумағындағы өзен-суларды, жайқалған жасыл желектерді сол қалпында таза ұстау – ең алдымен өзімізге қажет.

Осы орайда республикалық «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында қаламыздың барлық тұрғындарын 24 тамыз күні өтетін қаламыздың тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын.

Осы күнгі жоспарланған шаралар аясында Орал қаласының барлық шағынаудандарында, қала маңындағы елді мекендерінде тазалық жұмыстары атқарылмақ. Мақсат – ең алдымен қала көшелерін, аулаларды, демалыс саябақтарын, балалар алаңы мен аулаларды тазарту.
Баршаңызға белгілі, тамыз айының соңында ҚР Конституциясы күнін тойласақ, 1 қыркүйек күні балаларымыз жаңа оқу жылын бастайтын болады. Сонымен қатар қыркүйек айының басынан бастап көптен күткен Қала күні мерекесі аталып өтіледі. Осы мерекелерге қаламыз сақадай сай болып, келген қонақтарды қарсы алуға дайын болу керек деп есептеймін.

Қала – біздің ортақ үйіміз! Сол себепті, жеке меншік секторлардың тұрғындары, бизнес нысандары, барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдары, оқу орындары, ПИК қызметкерлері мен қала жастары айтулы шарадан тыс қалмайды деп сенемін» деп жазады Абат Абайұлы өзінің facebook әлеуметтік желідегі парақшасында.

«PULS-ақпарат»

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *