Оралда қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер мен жастар арасында шағын футболдан турнир өтті.
«Арман» спорт кешенінде өткен ойынға мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдар және студенттерден құралған 8 команда қатысты.
Шағын футболдан турнир халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылды. Жастар жылын кеңінен атау өтумен қатар, олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, достық қарым-қатынасты нығайту – басты мақсатымыз, — дейді Орал қалалық жастар ресурстық орталығының теолог маманы Әсет Раманқұлов.
Спорттың шағын футбол түрін насихаттау бағытында өткен ойында «Достық» командасы жеңіске жетті. «Ақжайық жастары» командасы – екінші, ал жүлделі үшінші орынды «Орал жастары» құрамалары өзара бөлісті. Турнирде үздік деп танылғандар да назардан тыс қалмады. «Үздік қақпашы» аталымын Нұртілеу Еділбаев иеленсе, «Үздік қорғаушы» деп Ербол Сәрсенбаев танылды. Жақсы ойын көрсеткен Мерген Сүлейменов «Үздік шабуылшы», Ерлан Тажғалиев «Үздік ойыншы» аталымына қол жеткізді. Қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ