Жеті айда – 527 алаяқтық оқиға

Алаяқтық – бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену. Қылмыстың бұл түріне баратын тұлға алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп, қастық жасайды.

Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс әрекетінің болған-болмағанын анықтап алу қажет.

Соңғы кездері елімізде алаяқтық оқиғалар тым жиілеп барады. Кейде бір тәулікте 10 адам алаяқтың құрбаны болады. Алаяқтыққа әйелдермен қатар ерлер де жол беріп, соңынан заң алдында жауапталатыны жасырын емес. Әккілердің құрығына алдымен түсетіндердің қатарын зейнеткерлер мен нәзік жандар құрайды. Олардың көбісі әлеуметтік жағдайларды түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналастырудан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауға көмектесуге уәде етеді. «Жеңілдетілген несие алып беремін» деп сазға отырызып кететін «қамқорлардың» айлакерлігі өз алдына бір төбе. Қазақстанда алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Алаяқтықтың негізгі принципі – өзінің «құрбанын» алдау арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу. Ал алданғандар жер соғып қалғанын білсе де, құқық қорғау органдарына өтініш бермейді.

Біріншіден, оңай алданып қалғанына арланады, екіншіден, арыз түсіргеннен ештеңе өнбейді деп есептейді. Үшіншіден, мұндай қылмысты дәлелдеу өте қиын, себебі алдау фактілері объективті түрде дәлелдеуді қажет етеді. Алаяқтық адам психологиясын және оның әдеттегі әрекетін жақсы білуге негізделген.

Алаяқтар сондай-ақ адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізу сияқты әдеттерін ескеріп, өз ісіне оңтайлап алады. Олар негізінен айлакерлігі басым адамдар болып келеді. Жылдам шешім қабылдау қажет болғандықтан, зардап шегуші оның ұсынысын қабылдауға мәжбүр болады. Сот практикасы көрсеткендей, алаяқтар әртүрлі сылтау мен зәбір көрушілердің мүлкін толық немесе жартылай алып, өз уәдесін қысқа мерзімде орындауға сөз береді. Алаяқтық — ұрлық жасаудың бір түрі. Алдау-арбау, сенімге кіру арқылы кей қылмыскерлер бөтен адамның мүлкін, ақшасын пайдаланып кетеді.

2019 жылдың жеті айында Орал қаласы аумағында 527 алаяқтық фактісі тіркелді, оның 246-сы ашылды. Қылмыстың ашылу пайызы 57,9-ды құрады. 2018 жылдың есепті мерзімінде бұл факті 462-ні құрады. 238 алаяқтық қылмысы ашылып, кінәлілер айыпталды. Ашылуы 68,7 пайызды құрады. Соңғы кездері алдап ақша сұрап алу, уақтылы иесіне қайтармау, телефон шаламын деп ұялы телефонын өтініп сұрап алып иемденіп кету, бірлесіп бизнес ашамыз деген желеумен көп көлемде ақша алып ізін жасыру, пластик терезелерге тапсырыс қабылдаймын деп үйінен ақшаны алып, бой тасалау сынды оқиғалар жиі орын алуда.

Биылғы 4 тамызда белгісіз біреу Шолохов көшесіндегі «Автостарт» техника жөндеу станциясында болып, өзгенің сеніміне кіру арқылы аккумуляторын алып кеткен. Аккумуляторды қапсыра құшақтаған жігіт сол кеткеннен оралмай, зардап шегуші полицияға шағымданды. 5 тамыз күні сағат 19.40-та азиат нәсілді белгісіз тұлға Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы дүкеннің қасында тұрып, кері қайтарамын деген желеумен танысының «Самсунг-Галакси» маркалы ұялы телефонын сұрап алып, кері бермеген. Ұялы телефон иесіне 80 мың теңге көлемінде материалдық шығын келді.

Жылдың басында тіркелген қылмысқа назар аударсақ, 1983 жылы туған, еш жерде жұмыс жасамайтын астаналық әйел Оралдағы кафелердің бірінде танысын «бірлесіп бизнес ашамыз, мол қаражатқа қарық боламыз» деп алдап, оның бір миллион 400 мың теңгесін алып кеткен. Үш ай күтіп шаршаған оралдық танысы бизнестің де, миллионның да жоғын сезіп, полицияға арыз жазды.

Таяуда, 30 шілдеде бір алаяқ Шаған полиция бөліміне қарасты Мөңкеұлы көшесінде тұратын үй иесінің сеніміне кіріп, пластик терезелер орнатып беремін деген сылтаумен 180 мың теңге алып кеткен. Алданып қалғанын соңынан түсінген азаматша тәртіп сақшыларына жүгінді. Ал 31 шілдеде белгісіз тұлға танысынан 79 мың теңгені сұрап алып, бір-екі күнде «Каспий голд» есепшотына аударуға келіседі. Берген қарызын сарыла күтіп, шыдамы құрыған азаматша Орал қаласының полиция басқармасына арызданды. Қазіргі күні жедел іздестіру шаралары қолға алынды. Алаяқтар адамдарға материалдық-моральдық тұрғыдан едәуір залал келтіреді. Олардың құрбаны болмау үшін сақтық шараларын естен шығармаңыздар!

Гүламан ИСМАГУЛОВА,
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметкері

суреттер дереккөзден алынды

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *