Жаз маусымы – велосипед ұрлығының көбейетін шағы. Осындай ұрлықтардың алдын алу мақсатында 2019 жылдың 22-25 шілдесі күндері Орал қаласы аумағында «Велосипед» атты жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылды.
Бұған себеп велосипед иелерінің көп ретте жеке меншігіндегі құралдарын кез-келген орынға қойып кетуі мен ұзақ уақыт қараусыз қалдыруы. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқан әккілер велосипедтерді ұрлап, келесі адамға арзан құнмен сатып үлгереді. Оңай олжаны қалтаға басқандар ақшаны өз керегіне мейлінше жұмсайды.
Шара барысында Орал қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері ұрланған велосипедтердің көпшілігін тауып, иелеріне қайтарды.
Мысалы 19 шілде күні сағат 11.30 бен 13.30 аралығында Зачаганск» ауданы М.Мөңкеұлы көшесіндегі бір үйдің 4-подъезі алдынан ақ-жасыл түсті рамасы бар «Стелс-710» маркалы велосипеді ұрланған. Мүлік иесінің айтуынша, құны 27 мың теңге тұрады. Осы ұрлық оқиғасы аталмыш іс-шара шеңберінде ашылып, күдікті туралы мәліметтер жинақталды. Тәртіп сақшылары 1992 жылы туған еш жерде жұмыс жасамайтын, Зачаганск ауданының тұрғынын құрықтап, Шаған полиция бөліміне жеткізді. Ол ұрлыққа жол бергенін мойындады.
Сондай-ақ, 18 шілдеде орын алған тағы бір ұрлық аталмыш іс-шара аясында ашылып, күдікті ұрлық жасағанын мойындады. Күдікті Зачаганск ауданы Қамбар батыр көшесіндегі 6-подъезден қызыл түсті рамасы бар велосипедті ұрлаған. Ұрланған зат өз иесіне қайтарылды.
Осы жылдың алғашқы алты айында 142 велосипед ұрлығы тіркелсе, соның 39-ы ашылды. Ал өткен жылы алты шеңберінде осы іс бойынша 84 оқиға тіркеліп, 14 велосипед табылып өз иелеріне кері қайтарылған екен.
Орал қаласының полиция басқармасының тәртіп сақшылары азаматтардан бағыт алған орынға тез жететін велокөліктеріне мұқият болып, сақтық шараларын әркез назарда ұстауды сұрайды.
Орал қаласы,
Полиция басқармасының баспасөз қызметі