Орал қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасында бүгін «Әскерде қылмысқа орын жоқ!» бағдарламасы аясында дөңгелек үстел өтті деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбына арналған шараға Орал гарнизонының əскери прокуратурасының өкілі, қатардағы жауынгер Нұржан Дүйсекеев қатысты. Дөңгелек үстелде алдымен сөз алған Орал қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, подполковник Данияр Қадрғалиев әскери ортада құқық бұзушылыққа жол бермей, өз істеріне адал қызмет ету керек екенін айтты. Ал Орал гарнизонының əскери прокуратурасының өкілі, қатардағы жауынгер Нұржан Нұрданұлы Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын түсіндірді.
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Еліміздегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Соның бірі – әскери сала қызметкерлері де бұл мәселеге айрықша назар аударып келеді. Орал қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл бағыттағы іс-шаралар әлі де жалғасын табады.
«PULS» ақпарат